Бәйдібек: Республика күні аталып өтті

Бүгін аудан орталығы Шаян ауылындағы «Тәуелсіздік» алаңында 25 қазан – Республика күні аталып өтті. Салтанатты шараға аудан әкімінің уақытша міндетін атқарушы Берік Тұрлыбеков қатысып, барша аудан тұрғындарын мерекемен құттықтады. Ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген бірқатар сала мамандарына құрмет көрсетілді.

– Құрметті жерлестер! Баршаңызды Ұлттық мереке – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекет басшысы 2022 жылғы 16 маусымда Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысында сөйлеген сөзінде Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды. Өткен жылмен қоса алғанда биыл егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде екінші жыл атап өтудеміз. Егемендігіміз мәңгі болып, бірлігіміз нығая берсін. Еліміздің әлеуметтік-экономикасы қарыштап дамып, ел игілігі жолында жасап жатқан істеріңізге әрдайым сәттілік тілеймін! Отанымыз қазақ елінің тұғыры мәңгі биік болсын! Бүгінгі мерекеде әр отбасыға бірлік пен береке, бақыт пен қуаныш тілеймін, – деді Берік Нұрғалиұлы.

Шарада өзінің мерекелік лебізін білдірген аудандық мәслихат төрағасы Асқар Кенехан Республика күні ұлттық мерекесіне орай бірқатар азаматтарды аудандық мәслихаттың алғыс хатымен марапаттады.

Мерекелік іс шарада аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары мен О.Тайманов атындағы саз мектебі ұжымының арнайы дайындаған концерттік бағдарламасын тамашалады. Спорттық ойындардың ішіндегі гір тасын көтеру, арқан тарту, ләңгі тебу, қол күрес сынды сайыстар өтті.

Сонымен қатар алаңда ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары төмен бағада саудаланды.

ПІКІР ЖАЗУ