Арыста жалпықалалық «Менің елім – менің туым» экоакциясын жалғастырды

Бүгін Арыс қаласында «Менің елім – Менің туым» экоакциясы аясында жалпықалалық сенбілік өтті. Шараға мемлекеттік қызметшілер, қаламызда орналасқан мекемелер мен кәсіпорын ұжымдары белсенді қатысты.

Қала әкімі Гүлжан Құрманбекова Арыс-Шардара тас жолы бойын аралап, бөлім, мекеме қызметкерлерінің сенбілік аясында атқарған жұмыстарының басы-қасында болды. Онда қала көшелерін көркейтіп, абаттандыру мақсатында атқарылуы тиіс жұмыстарды пысықтап, көркейту жұмыстарын қарқынды іске асыру мақсатында жауапты тұлғаларға қосымша тапсырмалар жүктеді.

Сенбілікте күре жол бойы бей-берекет тасталынған пластикалық бөтелкелерден тазартылып, шөптер шабылды. Тазалықтан бөлек, күзгі ағаш егу маусымына дайындық жұмыстары да пысықталды. Қолдарына күрек ұстаған табиғат жанашырлары күре жол бойынан ағаш отырғызатын орындарды дайындады. Алдағы уақытта көшеттер отырғызылатын болады.

Осы ретте, барша тұрғындардан еңбекті бағалауды, көлікте, көшеде жүргенде бей-берекет қоқыс тастамауды сұраймыз. Ортақ қаламыздың тазалығы өзімізге керек!

ПІКІР ЖАЗУ