Төлеби: Қарақуыс су қоймасының құрылысымен танысты

Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараев аудандағы құрылыс жүріп жатқан бірқатар обьектілерді аралады. Ең бірінші Кемеқалған ауылдық округі аумағына салынып жатқан Қарақуыс су қоймасының құрылысымен танысты. Құны 1 млрд 123 млн теңге құрайтын су қоймасының жер көлемі 13 гектар, ал сыйымдылығы 1040 м3. Бұлақ көздерінен су жинақтау, сақтау арқылы 360 га жерді суармалы жерлер қатарына қосу жоспарлануда. Су қоймасының құрылыс жұмысын бастауға 200 млн теңге қаржы қарастырылып, жұмыс қарқынды жүруде.

Аудан басшысы су қоймасының құрылысына қатысты мердігер мекеме, техникалық қадағалаушы мекеме басшыларына жолығып, ауқымды жобаның сапалы және мерзімімен жүзеге асуын тапсырды. Суармалы жер көлемін ұлғайту бағытындағы құрылыс жұмысы – ел игілігі үшін қолға алынған тағы бір тындырымды істің бірі болғалы тұр. Кемеқалған ауылдық округі іргесінде жаңадан салынып жатқан Қарақуыс су қоймасы арқылы ауылдық округтегі ағын су мәселесі толығымен шешімін табады. Нәтижесінде суды тиімді пайдаланып, оны сақтап суармалы жерлерге жұмсауға болады. Осылайша ауданды егістіктің көлемі артып, жергілікті жұртты жұмыспен қамтуға мүмкіндік туады. Ең бастысы ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше екпін беретін ауқымды құрылыстың жүзеге асуы- аудан басшысы Төлеген Тұртайұлының жеке бақылауында.

ПІКІР ЖАЗУ