Келес ауданында 145 орындық балабақша ашылды

Келес ауданына қарасты Бірлесу ауылдық округінің 28 гвардия ауылында жеке кәсіпкердің демеушілігімен 145 орындық балабақша ашылды. “Али-Сұлтан KZ” бөбекжай балабақшасының құрылысы 2021 жылы бастау алып бүгінде қолданысқа берілді. Жобаның жалпы құны 110 млн теңгені құрайды. Балабақшасының ашылуына Келес ауданы әкімінің орынбасары Сүлеймен Жылқыбаев қатысты.

– Мемлекет басшысы 2025 жылға дейін 6 жасқа дейінгі балалар мектепке дейінгі тәрбиелеу және оқытумен 100% қамтамасыз етілуі тиістігін айтқан болатын. Аталған мәселені жолға қою бағытындағы іргелі істер ауданымызда сәтті жүзеге асырылып келеді. Соның дәлелі бүгінгі ашылғалы отырған балабақша. Бұл ретте балғындардың бақытты болашағына қамқорлық танытып демеушілік жасап отырған азаматтарға алғысымыз шексіз, – деді Сүлеймен Нұрланұлы.

«Али-Султан KZ» бөбекжай балабақшасында 2-6 жас аралығындағы 6 топқа бүлдіршіндерді жинақтап, 25 адам жұмыспен қамтылатын болады. Айта кетейік аудан бойынша 97 балабақша бар. Оның он екісі мемлекеттік, ал 85-і жеке меншік болып табылады. Ол балабақшаларда 10 615 бала тәрбиеленуде.

ПІКІР ЖАЗУ