Сайрам: аудан әкімі Құтарыс халқымен кездесті

Бүгін аудан әкімі Арман Сәбитов тиісті бөлім басшыларымен Құтарыс ауылдық округ тұрғындарымен кездесті. Аталған басқосу lV тоқсандағы кезекті кездесуі аясында іске асты.

Сапар барысында аудан әкімі Қызылжар елді-мекен тұрғындарының мұң-мұқтажын тыңдады. Ауыл тұрғындарының айтуынша, ауыз су мұнарасына қосымша бір су сорғыш станциясын орнату қажеттігін жеткізді. Қазір аталған елді-мекенде 2 дана су ұңғымасы бар. Оның ішінде 1 дана су сорғышы жұмыс істеуде, ал екінші су сорғыш істен шыққан. Осыған байланысты су беруші мекеме «Сайрам тазалық» ЖШС тарапынан жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл ретте сала мамандары алдағы уақытта ауыз су мәселесі шешімін табатындығын алға тартты.

Мұнан соң, Құтарыс ауылдық округінде орналасқан 11 көшенің «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС теңгеріміндегі 440 электр бағаналарының тозығы жеткендігі айтылды. Аталған проблемадан хабардар аудан әкімі Арман Сәбитұлы электр бағаналары «Инвест» жобасы арқылы ауыстырылатынын мәлімдеді.

Аудан әкімімен кездесуге келген құтарыстықтар барлық базынасын айтып, ауылдағы Құтарыс, Ақарыс елді мекендеріндегі 11 көше құрылыс жұмыстары жобасына енбей қалған 90 тұрғын үйге газ құбырларын тарту мәселесін көтерді. Жалпы қазіргі таңда Ақарыс және Оймауыт елді мекендерін «Ақбарыс» ЖШС, Қызылжар және Құтарыс елді мекендерін «Алтын констракшн» ЖШС тарапынан газ құбырының құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Жоспарға сәйкес биыл құрылыс жұмыстары бітуі тиіс. Ал жобаға енбей қалған тұрғын үйлерге Арман Сәбитов қосымша сметалық құжаттамасы әзірленетіндігін хабарлады.

Тұрғындармен кездесуде Арман Сәбитұлы аудан тұрғындарын жеке қабылдап қана қоймай, ауылдық жерлерге бару маңызды екенін атап өтті.

ПІКІР ЖАЗУ