Отырар: ауданда құтқарушылар күні аталып өтті

Биыл Қазақстан Республикасының төтенше жағдайларға қарсы қызметінің құрылғанына 28 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында төтенше жағдайлардың алдын алу мен жою, жедел әрекет ету қағидасы қалыптасты.

Бүгінде төтенше жағдайлар қызметкерлерінің беделі жоғары. Бұл жауапты да қиын мамандықты игеру кез-келген адамның қолынан келе бермейтін іс. Себебі сала мамандарының өз істерін абыроймен атқаруы құтқарылған адам өмірімен өлшенеді.

Осы орайда бүгін ауданымызда 19 қазан – Құтқарушылар күні салтанатты жағдайда аталып өтті. Мерекелік жиынға аудан әкімінің орынбасары Жансұлтан Сейтжанов пен аудандық мәслихат аппаратының басшысы Ерман Дайрабаев қатысып, аудан әкімі С.Сұлтанханов пен аудандық мәслихат төрағасы Уалихан Ұзақовтың құттықтауын жеткізді.

Аудан әкімінің орынбасары өз сөзінде: – Қиын да қауіпті қызметтің салмағын алып жүрген сіздерге үлкен ризашылығымды білдіремін. Төтенше жағдайлар қызметкерлеріне көптеген міндеттер жүктеледі. Бүгінде сала қызметкерлері түрлі апатпен күресіп адам өмірін қорғап жүр. Осындай жүйенің құрылуына ардагерлеріміздің қосқан үлесі мен сіңірген еңбектері өлшеусіз. Осы орайда сала ардагерлеріне зор алғысымды білдіремін. Құрметті құтқарушылар қиындығы мол, мәртебесі биік қызметтеріңізге табыс, отбасыларыңызға бақыт тілеймін, – деді.

Әнұранымыз асқақтаған тұста қолдарын жүректеріне қойып, тебіреніп тұрған бұл қызметкерлердің еңбегі ерен. Өйткені, олар адам өмірі қыл үстінде тұрған сын сағатта қол ұшын созып, әр түрлі жағдайларға душар болғандарды құтқарып, ажал аузынан арашалайды. Адам құтқаруды ерлік емес, азаматтық парызым деп білетін оларға бүгін барынша сый құрмет көрсетілді.

Еңбегімен ерекше көзге түскен, қызметтік міндеттерін адал атқарған, қызметте жоғары нәтижелерге қол жеткізген үздік қызметкерлер аудан әкімінің, аудандық мәслихат төрағасының, Отырар ауданы төтенше жағдайлар бөлімі бастығының Алғыс хаттарымен марапатталды.

Жиын соңы аудандық мәдениет сарайы қызметкерлері ұйымдастырған концерттік бағдарламаға ұласты.

ПІКІР ЖАЗУ