Келес: тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесі талқыланды

Келес ауданы әкімінің орынбасары Даурен Сариевтің төрағалығымен жұмыспен қамту мәселесі жөнінде жиын өтті. Жиынға аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Гүлнұр Құралбаева, Келес аудандық Мансап орталығының директоры Нурипа Темірбаева, дербес бөлім басшылары және ауыл, ауылдық округтерінің әкімдері мен әлеуметтік сала мамандары қатысты. Жиын барысында аудандық Мансап орталығының директоры Нурипа Құралқызы жыл басынан атқарылған жұмыстарға тоқталып, түйіткілді мәселелерді ортаға салды.

– Жұмыспен қамту саласында статистикаға емес, нақты нәтижеге қол жеткізуіміз қажет. Бұл кезекте атаулы әлеуметтік көмек алушылардың санын көбейтумен емес, соларды тұрақты жұмыспен қамту, жаңа жұмыс орындарын ашуға көмек көрсетуі қажет, – деген Даурен Нұрланұлы тиісті бөлімдер мен ауыл әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеді.

Кездесу соңынан ауыл әкімдері мен сала мамандары жұмыс барысында кездесіп жатқан мәселелерді айтып, шешім жолы бойынша жауап алды. Аудан әкімінің орынбасары берілген тапсырмалардың орындалуы бақылауға алып, көрсеткіштерді ретке келтіру және нақты межені орындауға шақырды.

ПІКІР ЖАЗУ