Түркістанда халықаралық Х Түркология конгресі басталды

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Түркология ғылыми зерттеу институтының ұйымдастыруымен дәстүрлі Х Түркология Конгресі басталды.

Түрколог ғалымдар 2 жылда бір рет түркі жұртының қасиетті мекені Түркістан қаласында бас қосады. Биыл 10-шы рет ұйымдастырылып жатқан іс-шараның негізгі тақырыбы – «Қазіргі заманғы түркология: ғылыми парадигмалары және пәнаралық сипаты».

Х Түркология Конгресі университеттің Өкілетті Кеңес төрағасы Мухиттин Шимшектің құттықтау сөзімен басталды.

«Бүгін 2002 жылы алғашқы конгресі өткен, университетіміздің дәстүрлі іс-шарасы – Халықаралық Түркология Конгресінің оныншы басқосуында жиналып отырмыз. Үш күн ішінде 30 ғалымның 120 баяндамасы мен 30 секциядан тұратын маңызды жиында сіздермен бір ортада болатынымызға қуаныштымыз. Түркология – бір текті түрік халықтарының тарихы мен мәдениетін, діні мен тілін, өнері мен әдебиетін зерттеу пәні. Бүгінгі күнге дейін маңыздылығын жойған жоқ. Түркология деп жүрген бұл ғылым саласының тарихы соңғы бір-екі ғасырды қамтыса да, түрік тілі мен әдебиетіне, әсіресе түрік шешендік өнеріне деген қызығушылық орта ғасырлардан басталғанын көреміз. Оған дәлел ретінде ортағасырлық түрік жазба әдебиетінің өкілдері Қашғарлы Махмұт, Алишир Невай сияқты атақты ғұламаларымызды мысалға келтіруге болады»,- деді.

Бұдан әрі сөз кезегін алған ректор Жанар Темірбекова түркология ғылымының заманауи даму тенденциялары, кешенді сипаты және ғылыми парадигмасы тақырыбы қазіргі таңда өте өзекті мәселеге айналуы заңдылық екенін айтты.

«Себебі түркі халықтарының тарихын, мәдениетін, әдебиетін, фольклоры мен дәстүрлі өнерін дүниежүзілік өркениеттік үдерістер контекстінде тұтастай зерделеудің мәні күн санап артуда. Ол үшін түркологияның қазіргі заманғы ғылыми парадигмалары пәнаралық деңгейде жаңаша пайымдалуы тиіс. Олардың ортақтығын ғылыми парадигмалары бойынша тұтастай пайымдау – алда тұрған үлкен міндет»,- деді Жанар Темірбекова.

Сондай-ақ ашылу салтанатында Гази университетінің ректоры Муса Йылдаз, Түрк тілі қоғамының президенті Өмер Гөк, Ахмет Ясауи университетінің ректор өкілі Пейами Баттал сөз алып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Конгресс аясында филология ғылымдарының докторы, профессор Шәкір Ыбраевтың «Абайдың ақындық бейнесі» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Әрі қарай басқосу пленарлық отырыс және әртүрлі тақырыптар бойынша секциялармен жалғасты.

Айта кетейік, түркі әлемі зиялылары мен ғалымдарының басын қосып отырған конгресс жұмысына Әзербайжан, Босния және Герцеговина, Иран, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Түрікменстан, Түркия, Чили мемлекеттерінен 168 өкіл қатысуда. 20-қазанға дейін жалғасатын конгресс: археология, тарих, философия, тіл білімі, әдебиет, өнертану, фольклортану және этнография ғылыми бағыттары бойынша өтеді.

ПІКІР ЖАЗУ