Төлеби: жылу беру маусымына дайындық пысықталды

Төлеби ауданы әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудан әкімі Төлеген Телғараевтың төрағалығымен аппараттық мәжіліс өтті. Мәжіліс күн тәртібінде өзекті 3 мәселе қаралып, сала мамандары атқарылған жұмыстарға баяндама жасады.

Күн тәртібіне сәйкес, ең бірінші Төлеби ауданы бойынша 2023-2024 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстарының барысы талқыланды. Аймақтың қысқы мерзімге дайындығы жөнінде аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Серғазы Қалдыбаев баяндады.

Бөлім басшысы берген мәліметке сүйенер болсақ, аудан бойынша коммуналдық көпқабатты 23 тұрғын үйдің жылу жүйесі көгілдір отын (газ) арқылы орталықтандырылған қазандықпен жылытылса, қалған көпқабатты үйлер автономды жылыту жүйесіне қосылған. Бүгінгі күні 1-ші мөлтек ауданында орналасқан орталық қазандық ғимаратындағы 3 дана қазандық, 4,1 шақырым жылу тарату жүйелері және Байтұрсынов көшесіндегі, №25-Б көпқабатты үйдің қазандық ғимаратындағы 2 дана қазандық жылу маусымына сақадай сай дайын.

200 ге жуық бюджеттік мекемелердің жылу беру маусымына дайындығын зерделеген бөлім мамандары жылыту қазандықтары мен жүйелердің техникалық мүмкіндіктерін бақылап, құбырлардағы ақауларды ретке келтіру, тозығы жеткен жылу құбырларын және вентильдерін ауыстыру жұмыстары жүргізілгені анықтаған. Білім беру нысандары, спорт, денсаулық сақтау, мәдениет үйлері мен ауылдық клубтарының жылыту қазандықтары мен жүйелеріне сығымдау жұмыстары толығымен аяқталып, пайдалануға дайын.

– Аудан аумағындағы барлық мекемелер мен тұрғын үйлер жылу беру жүйесіне толық қосылуы керек. Қазандықтардағы температура сақталып, қыс мезгілінде үздіксіз қызметті қамтамасыз ету керек, деді аудан басшысы жылу беру маусымының дайындығына қатысты.

Электр және жылу қуатын тасымалдау желілерінің, әлеуметтік-мәдени нысандар мен тұрғын үйлердің жағдайына және жылу беру маусымын белгіленген мерзімде ұйымдасқан түрде бастау бойынша тиісті шаралар қабылдауды жүктеді.

Аталған мәселеге қатысты қосымша баяндама жасаған «Ленгір су» КММ директоры Арнұр Ермекбай жылу қазандықтарына дайындығын пысықтады. Gasoline G-3000/3840 кВт 95 С, жылыту қуаттылығы 5000 КВт, шекті жұмыс қысымы 6 бар жылыту қазандығы орнатылды.

Жиын барысында аудандағы құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі тарапынан 2023 жылы атқарылып жатқан құрылыс жұмыстар туралы есеп берді. Аталған бөлім басшылары аудан аумағындағы құрылыс нысандарының жай-күйі мен атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде әңгімеледі.

Аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру – инспекторлық бөлімінің бас инспекторы Сейдулаы Құлманов облыс әкімінің тапсырмаларының орындалуы барысын хабарлады. Облыс әкімінің 2023 жыл басынан бері жалпы 355 хаттамалық тапсырмасы берілген, оның ішінде, ауданға тікелей берілгені 92. Тапсырмалардың ішінде орындалғаны – 50, тұрақтысы – 28, орындау мерзімі келмегені – 11 тапсырма бойынша жұмыстар жалғасуда.

Мәжілісті қорытындылаған аудан әкімі Төлеген Тұртайұлы қойылған барлық мiндеттердi уақтылы орындау қажеттiгiн атап өтіп, атқарылған жұмыстарды саралап, баяндамашыларға мәжіліс барысында бірқатар сұрақтар қойып, жұмыс барысында орын алған олқылықтарды реттеуге уақыт берді.

ПІКІР ЖАЗУ