Жетісай: мал сою бекеттерін реттеуді тапсырды

Бұған дейін ауданда орналасқан мал сою алаңдарында сойылған малдардың қалдықтары ветеринариялық талаптарға сай жойылмайтыны жайлы әлеуметтік желілерде бірнеше рет мәселе көтеріліп, аудан басшысының назар аударуын өтінген болатын.

Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытов аудан аумағындағы мал бордақылау алаңдары мен мал сою бекеттерінің жұмыстарын ретке келтіру бойынша жұмыс тобын құру, туындаған мәселені шешу жөнінде тапсырма берген болатын. Осыған байланысты ауданда бірқатар жұмыстар да атқарылуда.

Жұмысшы топ аталмыш мәселе бойынша мал сою орындарының иелеріне мал сою бекеттерін санитарлық талапқа сай таза ұстау немесе елді мекен шегінен сыртқа шығару, алаңдарды өз еркімен жабу бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізген болатын.

«Аталған мәселені шешу мақсатында сала мамандарымен бірігіп инсенератор пештері арқылы мал қалдықтарын кәдеге жарату, қалдықтарды тастайтын Беккари шұңқырларын салу, төрт түліктің жүндері мен терілерін өңдеу және мал қалдықтарын қайта өңдеу, ет өңдеу және кәдеге жарату сынды тәсілдерді жүзеге асыру ісіне кәсіпкерлерді жұмылдыру қажет» дейді аудан әкімі.

Санитарлық және заң талаптарын сақтамаған мал сою алаңдарының жұмыс істеуі қоршаған ортаны ластаумен қатар эпизоотиялық және эндемиологиялық жағдайды ушықтыруы мүмкін екендігі айтылды.

ПІКІР ЖАЗУ