Түлкібас: биыл Майтөбе ауылының 21 көшесі жөндеуден өттІ

Бүгін аудан әкімі Нұржан Ізтілеуов бекітілген кестеге сәйкес, Мичурин ауылдық округіне арнайы барып, халықпен есептік кездесуін өткізді.

Кездесуді еркін, сұрақ-жауап форматында өткізуді ұсынған аудан басшысы халықтың алғысына бөленді. Округ тұрғындары округ аумағындағы атқарылған жұмыстарға ризашылықтарынан басқа айтарлары жоқ екенін жеткізіп, ауыл ақсақалдары ақ батасын берді.

Майтөбе ауылындағы ең өзекті мәселе ішкі көшелерін жөндеу болатын. Көп жылдан бері түйіні шешілмей келген түйіткілді мәселе биыл толық шешімін тапты. «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде тозығы жеткен 21 көше толығымен жөндеуден өтіп, ел игілігіне пайдалануға берілді. (Астана, Исабек, Алтай, Көбегенұлы, Азаттық, Ырыс, Найзатас, Сейфуллин, Келешек, Ақдала, Уалиханов, Бейбітшілік, Қарасу, Тәуелсіздік, Батыр, Ізет, К.Сүйінбайұлы, Жамбыл, Жақаев, Заңғар, Жастықшақ).

Бұдан бөлек биылғы жылы округке қарасты Қожамберді ауылының 23 жылдан бері жөндеу көрмеген Битөре және Бастау көшелері де жөндеуден өтті.

Кездесуді қорытындылай келе, аудан әкімі ендігі кезекте инфрақұрылымға қатысты мәселелердің дені шешілген округте халықтың әл-ауқатын арттыруға барынша жұмыс атқаруымыз керек деп, округ тұрғындарын пилоттық жоба ретінде жүріп жатқан «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысып, жеке кәсіп ашып, табыс көзін арттыруға берілген мүмкіндікті пайдалануға шақырды.

ПІКІР ЖАЗУ