Oрдабасы: «АУЫЛ АМАНАТЫ» жобасының іске асырылуы бойынша ауыл әкімдерінің есебі тыңдалды

Бүгін аудан әкімінің міндетін атқарушы Қыдырбай Сейтқұлдың төрағалығымен апталық аппараттық мәжіліс өтті.

Жиналыстың күн тәртібінде 3 мәселе қаралды. Тарқатып айтар болсақ, ауыл округтердегі орталық көше бойындағы кәсіпкерлік нысандарының қасбеттерін ретке келтіру, «Ауыл аманаты» жобасының іске асырылуы, күзгі тал егу кезеңіне дайындық және ғарыштық түсірілім барысында анықталған күл-қоқыстарды тазалау барысы туралы сала жауаптылары есеп берді.

Аудандық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Мұрат Махаұлы өз баяндамасында ауылдық округтердің көрнекі жарнамалық құралдарындағы кемшіліктерді тізбелеп берді.

Өз кезегінде Қыдырбай Құнанбайұлы көше қасбетінің реттелігіне немқұрайдылық танытқан ауыл әкімдеріне ескерту жасап, кемшіліктерді ретке келтіруді тапсырды.

Аппараттық мәжілісте аудандық Ауыл шаруашылық және жер қатынастары бөлімінің басшысы Берік Алтынбеков және Бадам, Шұбар, Қараспан, Бөржар ауылдық округ әкімдері «Ауыл аманаты» жобасының округтерде орындалу барысына тоқталды.

Анығында ауданымызда «Ауыл аманаты» бағдарламасы мал шаруашылығында сүт өндірісі бағытында, өсімдік шаруашылығында жылыжай бағыты бойынша жүзеге асырылса, аталған бағдарламаға төрт ауылдық округте жүзеге асуда. Мәселен, бөржарлық шаруалар құс, мал шаруашылығы бойынша жоғарыдағы бағдарламаға қатыса алады.

Аудан әкімі Азат Оралбаевтың тапсырмасына орай күзгі тал егу кезеңіне дайындық жұмыстары бойынша аудандық Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Арман Искаков баяндама жасап, жасылдандыру бойынша жоспарымен бөлісті. Әрі егілетін тал түрлері мен тал егілетін орындарды анықтап берді. Сондай-ақ, ғарыштан түсірілген топографиялық фотолар арқылы аудан аумағында заңсыз төгілген күл-қоқыс орындарын көрсетті.

Қыдырбай Құнанбайұлы ауылдық округ әкімдеріне аталған олқылықтарды тез арада ретке келтіріп, ауыл келбетін ажарландыруды тапсырды.

Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР ЖАЗУ