Түлкібас: жылыту маусымына дайындық мәселесі қаралды

Жалпы ауданымызда 197 бюджеттік мекеме бар. Оның 78-і білім беру саласына қатысты. Аталған білім беру мекемелерінің 77-і табиғи газбен қамтылған болса, 1-і ғана Иірсу елді мекенінде орналасқан мектеп қатты отынмен жылынады. Бүгінде барлық мемлекеттік мектептің жаңа жылу беру маусымына дайындау мақсатында, ондағы жүйелерін қысымдау және жуып-шәю жұмыстары жүргізіліп, қазандықтары толық тексерілген.

Бұл туралы бүгін аудан әкім Нұржан Ізтілеуовтың төрағалығымен өткен кезекті аппараттық жиында аудандық білім беру бөлімінің басшысы Ержан Қадірбек мәлімдеді.

Нұржан Жақсылықұлы күн тәртібіндегі басты мәселе бойынша білім беру, денсаулық сақтау, спорт және мәдениет саласына жауапты басшыларына өздеріне қарасты нысандардың жылу жүйесін егжей-тегжейлі тағыда бір тексеріп шығып, нәтижесін хат жүзінде баяндауды тапсырды.

Бұдан бөлек лездемелік жиында күзгі ағаш көшеттерін отырғызу маусымына дайындық және әлеуметтік желіде көтерілген өзекті мәселелер қаралды.

Аудан аумағын көгалдандыру, көріктендіру мақсатында ағымдағы жылдың көктем мезгілінде 22 мыңнан астам көшет егілген болатын. Сол жұмыстар күз мезгілінде жалғасын тауып, облыс әкімінің тікелей тапсырмасына сәйкес аудан аумағындағы елді мекендерге 32 мың түп көшет отырғызу жоспарланып отыр.

Осы аптадан көшет отырғызатын орындарды дайындап қоюды ауыл әкімдеріне тапсырған аудан басшысы, «ең маңыздысы ағашты егу емес, оның өсіп-өнуіне жағдай жасау»-деді.

Сонымен қатар, аудан әкімі тұрғындарды үздіксіз ауыз су, электр энергиясы, газбен қамту және аудан аумағындағы тазалық мәселелесі ешқашанда күн тәртібінен түспейтінін жеткізіп, жауапты мекеме басшыларына газ, су немесе электр желілеріндегі жөндеу жұмыстарына байланысты өшетін жағдайда, міндетті түрде алдын-ала тұрғындарға хабарлау керектігін қатаң ескертті.

Түлкібас ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

ПІКІР ЖАЗУ