Түркістан облысының өнерпаздары көрші аудандарды аралап, өнер көрсетіп жүр

Түркістан облысында «Туған жер – алтын бесігім» атты қала, ауданаралық мәдениет күндері бастау алды. 6-8 қазан күндері алғашқы 4 аудан-қала мәдени байланысты нығайтуға, іс-тәжірибе алмасуға бағытталған шара аясында концерт өткізді.

Созақ ауданының Бәйдібек ауданындағы «Шежірелі Созақтан – берекелі Бәйдібекке сәлем!» атты мәдениет күндері, Сайрам ауданының Түлкібас ауданындағы «Сансыз бапты Сайрамнан – табиғаты тамаша Түлкібасқа сәлем» атты мәдениет күндері, Сауран ауданының Кентау қаласындағы мәдениет күндері, Арыс қаласының Ордабасы ауданындағы мәдениет күндері ұйымдастырылды.

Шара барысында ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыпқа байланысты түрлі іс-шаралар өткізіліп, суретшілер мен қолөнер шеберлерінің және аудан, қаланың жетістіктері туралы көрмелер ұйымдастырып, белгілі өнер ұжымдарының концертін, халық театрларының спектакльдерін қойып, ақын-жазушылармен кездесулер, кітап көрмелері ұйымдастырылып, мәдениет күндері көркемөнерпаз ұжымдарының қатысуымен өтетін Гала-концертпен қорытындыланды. Аудан-қалалық мәдениет үйі өнерпаздары халыққа концерт ұйымдастырып, ауыл тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Айта кетейік, мәдениет саласындағы мекемелердің өзара ынтымақтастығын арттыру мақсатындағы қала, ауданаралық мәдениет күндері 6-30 қазан аралығында өткізу жоспарланған. Аталған аудан-қалалардың мәдени күндері 13-15 қазан аралығында келесі ауданда өткізілмек.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР ЖАЗУ