Сайрам: аудан әкімі мүмкіндігі шектеулі жанның үйіне барды

Елімізде қазан айының екінші жексенбісі мүгедектер күні аталып келеді. Бұл дата Біріккен ұлттар ұйымының ұйғарымымен 1992 жылдан бастап атап өтілуде.

Бүгін осы күнге орай аудан әкімі Арман Сәбитов және аудандық мәслихат хатшысы Ш. Халмұратов Қарабұлақ ауылдық округінің мүмкіндігі шектеулі 4 жастағы қыздың үйіне барып жылы лебіздерін білдірді. Аудан басшысы А.Сәбитов мүгедектігі бар бүлдіршінге қарап отырған ата-анасына қолдау білдіріп, жасап жатқан еңбектерінің орасан зор екендігін атап өтті.

Қазіргі таңда аудан бойынша 10380 мүгедектігі бар жан есепке алынған. Атап айтсақ, І топтағы мүгедектігі бар адамдар – 814 адам, ал ІІ топтағы – 3264 адам болса, ІІІ топтағы мүгедектігі бар адамдар – 4544 адамды құрайды. Сондай-ақ, мүгедектігі бар балалар саны – 1758.

Биыл реабилитациялау мен оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес, 4412 мүгедектігі бар адам тиісті қызметтермен және құралдарымен (міндетті гигиеналық құралдар, тифлотехникалық құралдар, сурдотехникалық құралдар, протездік-ортопедиялық құралдар, қоларба, санаторлық-курорттық емделу, жеке көмекші және ымдау тілі маманының қызметі) қамтамасыз етілді.

Сайрам ауданы әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР ЖАЗУ