Қатерлі ісікті жеңіп, Америкада миллионер атанған жетісайлық жігіт

Жетісайдан шыққан Талғат Белессов есімді азамат 20-дан асқан шағында АҚШ-қа аттанып, талмай еңбектенуінің арқасында 10 жылда долларлы миллионер атанған.

Талғат қазір Вирджиния штатында тұрады. Moving (үйлер мен кеңселерді көшіру қызметі), жылжымайтын мүлік саласында кәсібі бар. Кейінгі жылдары инвестициямен айналысып жүр.

«17 жасымда Алматыға университетке түстім. Бірінші курстан соң оқудан шығып кеттім. Жұмыс істеп, қайта оқимын деп ойладым. Мұнай саласында білім алдым, группаластарым жағдайы жақсы отбасылардан болды. Мен күнде кітапханадан шықпайтынмын. Ол кісілер сессия біткенде келіп кететін. Ешкімге ренішім болған жоқ. Бірақ, оқу бітірудің сондай да жолы бар екенін білдім. Оқудан шығып, Атырауға барып жұмыс істедім», – дейді ол өзі туралы.

Атырауда жұмысты практикант болып бастап, бір компанияда директордың орынбасарына дейін көтерілген. Кейін Астана әртүрлі жұмыс істеп, тіл үйренуге АҚШ-қа аттанып кеткен.

«Америка мұхит сияқты, жүзе алмасаң батып кетесің, мен барлық салада нөлден бастап үйренгендіктен маған онша қиын болған жоқ. Ол жерден кәсіп ашуға потенциалды көрдім. Бірнәрсе үйренбей қайтпаймын деген мақсат қойдым. Үш айда тіл үйрене алмайсың. Бұл жерде тіл емес, адамға керек ойлау қабілеті қаншалықты маңызды екенін білдім. Олардың ойлау жүйесін үйреніп алуым керек болды. Ол жақта төрт айдан кейін өз бизнесімді бастадым. Мен АҚШ-та да магистратураны 1 курстан соң тастап кеттім. Алайда, өзімді дамытуға төрт магистратураның ақшасын жұмсадым. Бизнес-тренер Тони Роббинспен де жеке кездесіп ақылын алдым», – деп бөлісті ойын ол.

Кәсіпкердің ойынша, адамда ойлау еркіндігі, ешқандай жұмыстан комплекс болмаса, «жұрт не айтады» деген ойдан арылса қай елде де жетістікке жетуге болады.

Талғат Белесов кәсіптегі алғашқы жылдарында тәулігіне 20 сағат жұмыс істегенін, соның салдарынан рак ауруына шалдығып, емделгенін де атап өтті.

«Ауруханаға түсіп, диагнозың рак дегенде, өзімді, кәсібімді паузаға қойып, жұмысымды тоқтатып, ойландым. Операциям жақсы өтті. Одан кейін өмір салтым түгел өзгерді. Біз көп уайымдайды екенбіз. Уайымдайтын ешнәрсе жоқ екен», – дейді ол.

Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

ПІКІР ЖАЗУ