Түркістан облысында балық шаруашылығын дамыту бағытында республикалық форум өтеді

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес, облыс аумағында балық шаруашылығын дамыту және инвестиция тарту бағытында жүйелі жұмыстар атқаруды облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына тапсырған болатын.

Осы орайда басқарма басшысы Қайрат Абдуалиев Алматы облысының Абай, Нарынқол және Еңбекшіқазақ аудандарына арнайы іссапармен барды. Сапар барысында Алматы облысындағы «Балық мектебінің» директоры Марлен Тұрсынәлімен кездесіп, балық өсіру шаруашылықтарымен тәжірбие алмасу бағытында республикалық деңгейде форум өткізу туралы екіжақты келісімге келді.

Соның нәтижесінде Алматы облысының «Балық мектеп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, облыстың тауарлы балық өсірушілері және Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының ұйымдастырумен 14-қазан күні «Балыққа өмір сыйла» атты респубикалық форум Сайрам ауданы Көлкент демалыс орнында өткізілмек.

Форумның мақсаты – еліміздің балық шаруашылығын дамыту, жаңадан балық шаруашылығымен айналысамын деген кәсіпкерлерді ынталандыру және облыстағы әуесқойлық және спорттық мақсаттағы балық аулауды дамыту.

Сонымен қатар, кездесуде балық шаруашылығындағы кәсіби мамандар санын арттыру мен өңірдегі осы саламен айналысатын шаруа қожалықтарының санын көбейту және Түлкібас ауданында орналасқан Састөбе көлімен Шымкент қаласы аумағында орналасқан Бадам су қоймасына 100 мың дана тұқы шабақтарымен балықтандыру жоспарланып отырғаны айтылды.

Айта кетейік, «Балық мектебін» 2022 жылы Түркістан облысынан 21 түлек, 2023 жылы 33 түлек тәмамдап шыққан. Алдағы уақытта оқушылардың санын жылдан-жылға ұлғайту көзделуде. Бұл бағытта бірлескен жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізілетін болады.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР ЖАЗУ