Түркістанда тұрғындардың өзекті мәселелерін шешу үшін 6 сектор құрылған
Түркістан қаласы 6 секторға бөлінген. Құрылған секторларда қала аумағындағы өзекті мәселелерді бақылауға алып, жүйелі түрде шешуге ықпал етеді. Атап айтсақ, олар «Яссы», «Сауран», «Шауғар», «Бекзат», «Отырар», «Бірлік» секторлары. Халықпен жұмыс жүргізу секторларында 30-дан аса азамат жұмыспен қамтылып, тұрғындармен тығыз байланыс орнатуда.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды «Шауғар» секторының жұмысымен танысты. Сектор қызметкерлері халықпен коммуналдық мәселелер, тұрғын үй, атаулы әлеуметтік көмек, табиғи газды пайдалану туралы ақпараттар ұсынып, көшелердің көгалдандырылуы, абаттандырылуы, тазалығының үйлестірілуін қамтамасыз етеді. Бұнымен қоса, аумақтағы тұрғындардың мәселелерін шешу үшін жүйелі жұмыстар жүргізіледі. Облыс әкімі мамандармен тілдесіп, тұрғындар тарапынан көтерілетін мәселелермен танысты.
Алты сектор қала әкімдігінің 109 – Бірыңғай байланыс орталығымен бірлесе отырып, мониторингтік жұмыстар арқылы халықтың өтініштері, мәселелерін шешу шаралары қолға алынуда. Тұрғындармен кездесулер өткізіліп, халықтың мұң-мұқтажы сараланып, зерделеніп тиісті іс шаралар атқарылады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі