Түркістан қаласын кәріз жүйесімен толық қамту жоспарланған

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды облыс орталығындағы құрылыс алаңдарын аралап, мердігерлермен кездесті. Жауапты сала басшыларына тапсырмалар берді. Түркістанда кәріз жүйесінің құрылысы жүріп жатыр. Облыс әкімі М.Әбенова көшесіндегі кәріз жүйесінің құрылыс жұмыстарымен танысты. Қазіргі таңда мұнда қолданыстағы пластик кәріз құбыры толықтай есептелген қуаттылығымен жұмыс істеуде.

Бастапқы жобадан бөлек жүргізілген коттедждер, «Керуен сарай» тұрғын үй кешені, мешіт нысандары іске қосылған соң жүйе арқылы өтетін сарқынды су мөлшері ұлғайған. Соның салдарынан кәріз толып, тұтынушылардың наразылығын туындатқан.

Артық суды жаңа жоба бойынша салынатын темірбетон құбырмен өткізу арқылы мәдени орталықтағы кәріз жүйесіндегі орын алған мәселе шешімін табады. Темірбетон құбырды 1,6 шақырымға жүргізу көзделген.

«Яссы» мөлтек ауданындағы Ыждыхат тұрғын алабын сарқынды су жүйесімен қамтамасыз ету құрылысының І кезеңі бойынша 76 шақырымға құбыр жүргізілген. Кезекті аралау барысында облыс әкіміне ІІ кезең жобасы ұсынылды.

Құрылыс алаңы 63 шақырымға жоспарланып, нақты 43,6 шақырымы орындалған. Құрылыс жұмыстары аяқталған соң 7480 тұрғын үй кәріз жүйесіне қосылады деп күтілуде. Жобаны тапсыру 2024 жылдың желтоқсанына жоспарланған.

Қала аумағында орталықтандырылған кәріз жүйесімен 32,2% не 12 мыңнан астам абонент қамтылған. Қуаттылығы тәулігіне 20 000 М3 сарқынды су тазарту имараты бар. Қабылданып жатқан сарқынды су көлемі тәулігіне 4 500-5 000 М3, 27 дана КНС, 127 шақырым сарқынды су құбырлары қолданыста.

2023 жылға өтпелі жалпы 7 нысанның құрылысы жүргізілуде. Биыл кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші 36,3 %-ға жетеді деп күтілуде. 5 нысан (20 244 абонент) бойынша құжаттар қаржыландыруға ұсынылған. 2 нысанның жобалау-сметалық құжаттары әзірленуде. Нәтижесінде кәріз жүйесімен қамту көрсеткішін 95 пайызға жеткізу жоспарлануда.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР ЖАЗУ