Сайрам: есепті кездесу Жібек Жолы ауылдық округінде жалғасты

Бүгін аудан әкімі Арман Сәбитов кезекті есепті кездесуін Жібек Жолы ауылдық округінде жалғастырды. Халықпен кездесуге аудандық мәслихат хатшысы Ш. Халмуратов, әкім орынбасары М.Оразалиев және бөлім басшылары қатысты.

Сапар барысында А.Сәбитов Жібек жолы ауылының ауыз су жүйелерінің жұмысымен танысты. Бұл ауылдың тұрғындары сапалы ауыз су мәселесін жиі көтеретін. Осы орайда, аудан басшысы мәселе орын алған жерге тұрғындармен бірге барды. Қазір аталған станцияның ауыз су жүйелеріне мердігер мекеме «Универсал строй сервис» ЖШС күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Жалпы жоба құны 215 млн. теңгені құрайды. Егер құрылыс жұмыстары аяқталса 700 абонент Жібек Жолы ауылынан, ал Сиқым елді мекенінен 170 абонент аталған ауыз су жүйесін пйдаланатын болады. Құрылыстың жәй-күйімен танысқан аудан басшысы Арман Сәбитов жұмыстарды қысқа мерзімде аяқтауды тапсырды.

Мұнан соң, аудан әкімі Бөкейхан атындағы жалпы орта мектебінде болды. Аталған білім ордасы 1971 жылы пайдалануға берілген. Бүгінгі күні мектепте 976 бала 2 ауысымда оқиды. Білім нысанына 2021 жылы 300 орындық қосымша ғимарат құрылысына 1.3 млрд теңгеге ЖСҚ жасалып, экспертизадан өткен. Қазір мектеп құрылысына қаражат бөлу үшін облыстық бюджетке ұсыныс берілген. Аудан әкімі бірінші кезекте аталған білім ордасының мәселесі бақылауында екенін атап өтті. Сонымен қатар, аудан әкімі Сиқым ауылындағы №47 Амангелді атындағы жалпы орта мектебін халықпен бірге аралады. Жуырда елді мекен тұрғындары бірнеше рет 300 орындық жаңа мектеп салу мәселесін көтерген болатын. Бүгінгі таңда білім ошағында 221 бала білім алуда. Аудан әкімі мектеп 300 орынға есептелгендіктен, жаңа нысан салудың қажеті жоқ екенін айтты. Оқушылардың сапалы білім алуы маңызды екенін атап өткен А.Сәбитов бұл мектепте физика, химия, биология кабинеттері көбейетінін жеткізді.

Бұдан басқа, А.Сәбитов күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан, аудандық маңызы бар КХ-40 «Манкент-Сиқым-Жібек Жолы» автожолының жұмыс барысымен танысты. Аталған нысанның құрылыс жұмыстарын мердігер мекеме «Шымкентдорстрой» ЖШС жүргізуде. Айта кетейік, жөндеу жұмыстары 2024 жылға өтпелі.

Бүгінгі Жібек Жолы ауылдық округінің тұрғындармен есепті кездесуінде аудан басшысы халық тарапынан қойылған кез-келген сауалға заң талаптары аясында жауап қайтарды.

Сайрам ауданы әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР ЖАЗУ