Созақ: аудандық орталық емханада аудан ардагерлеріне ашық есік күні ұйымдастырылды

Бүгін Созақ аудандық орталық ауруханасының және аудандық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен аудандық емханада Халықаралық қарттар күні мерекесіне орай ашық есік күні ұйымдастырылды.

Тағылымды шараны аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков ашып, қарияларға деген ізгі тілегін арнады.

-Біз әрқашанда осылай қариямызды қадірлеп, ардагерлерімізді ардақтауымыз керек. Себебі, алдыңғы буын аға-апаларымыздың ел дамуы жолындағы ерен ерлігі мен қажырлы еңбектері орасан зор. Еңбек жолымен үлгі болып жүрген аға буын өкілдеріне деген осындай игі шаралар дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Ғибратқа толы жүріп өткен жолдарыңызды біз әрқашанда үлгі тұтамыз,-деді аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы. Сондай-ақ бүгінде денсаулық сақтау саласы бойынша қолға алынған жұмыстарға тоқталып, алдағы жоспарларымен бөлісті.

Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов, жоғары санатты ардагер хирург-дәрігер, ауданның Құрметті азаматы Бүркіт Арынбеков аудан қарттарына деген ізгі тілектерін арнап, ұйымдастырылған шараның маңыздылығына тоқталып өтті.

Шара аясында аудан қарттарына жалпы тәжірибелі (невропатолог, кардиолог, офтальмолог, оториноларинголог, хирург, травматолог) дәрігерлері және бейін мамандары кеңес беріп, қан талдауы, ЭКГ, УДЗ, флюорография, бойынша зертханалық зерттеулер жүргізілді.

ПІКІР ЖАЗУ