Бәйдібек: «ұстаз жолы – ұлы жол!»

Бүгін аудандық мәдениет үйінде мұғалімдер күніне арналған «Ұстаз мерейі» атты мерекелік іс-шара өтті. Мерекелік шара ұстаздар жайлы қойылыммен басталды. Салтанатты жиынға қатысқан аудан әкімінің уақытша міндетін атқарушы Берік Тұрлыбеков барша ұстаздар қауымын төл мерекелерімен құттықтап, құрмет көрсетті.

– Қадірлі де ұлағатты ұстаздар! Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Мұғалім күнімен шын жүректен құттықтаймын! Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, жақсы қасиеттерді бойына дарытатын ұстазға деген халқымыздың құрметі қашан да ерекше. Өйткені, қоғамның басты байлығы – адам болса, сол «адамның адамшылығы жақсы ұстаздан», – дейді дана Абай. Білім жүйесінің жаны да, жүрегі де, тірегі де – ұстаздар. Сондықтан еліміздің ертеңгі келешегі сіздердің қолдарыңызда! Тәуелсіз қазақ елінің дамуына қосып келе жатқан еңбектеріңіз үшін баршаңызға шексіз алғысымды білдіремін! Еліміздің атын әлемге танытатын білімді де, талантты шәкірттеріңіз көбейе берсін! Сіздерге зор денсаулық, ұзақ өмір, қиын да қастерлі ұстаздық қызметте табыс тілеймін!, – деді Берік Нұрғалиұлы.

Ұлағатты ұстаздарға деген өздерінің мерекелік құттықтау тілегін жеткізген аудандық мәслихат төрағасы Асқар Кенехан мен «Аманат» партиясы аудандық филиалының төрағасы Ақбала Құлымбет білім саласының үздіктеріне облыстық және аудандық мәслихат пен партияның алғыс хаттарын табыстады.

Әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтаған аудандық білім бөлімінің басшысы Ерболат Пернеев білім саласының ардагерлері Мұқадас Нақыпбеков пен Абзал Арынбековке министрдің алғыс хатын табыс етті.Сонымен қатар бірқатар ұстаздар Түркістан облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік ұйымының құрмет грамотасымен және төсбелгілерімен марапатталды.

Ауданның құрметті азаматы, Қазақстан журналистер одағының мүшесі, «Оңтүстік ұстаздары» газетінің редакторы Серікбай Тұржан ұстаздарды мерекемен құттықтап, редакциясының Алғыс хатымен марапаттады.

Салтанатты іс-шарада О.Тайманов атындағы өнер және саз мектебі ұстаздары мен оқушылары және аудандағы мектеп оқушыларының арнайы дайындаған мерекелік концертін тамашалады.

Сондай-ақ шарада мектеп оқушылары мен ұстаздардың жасаған қолөнер көрмесі ұйымдастырылды.

Аудан әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР ЖАЗУ