Биыл Түркістан – Абу-Даби әуе бағыты іске қосылады

Биыл қараша айында Түркістан халықаралық әуежайына «Wizz Air» компаниясының «AirBus 321» әуе рейсі Түркістанға қонады. Бұл Түркістан–Абу-Дабу әуе бағытының алғашқы рейсі. Аталған бағыттағы рейс аптасына 3 рет қатынайтын болады. Бұл туралы брифингте Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаев мәлімдеді.

Бұдан бөлек, қазіргі таңда Түркістан халықаралық әуежайы 2 халықаралық (Ыстамбұл, Эль-Кувейт) және 6 республикаішілік (Астана, Алматы, Ақтау, Ақтөбе, Орал, Қарағанды) әуе бағыттарына қызмет көрсетеді.

Сондай-ақ, басқарма басшысының айтуынша, биыл облыс бойынша 1 586,4 шақырым жолдар мен көшелерге құрылыс-жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Жыл қорытындысымен 1 282,8 шақырым жол пайдалануға берілмек.

– Биыл облыстық маңызы бар 246,6 шақырым жол мен 2 көпір, аудандық маңызы бар 79,5 шақарым жол, елді мекендерден 956,7 шақырым жол пайдалануға беріледі. Ірі жобалардың бірі Түркістан-Шәуілдір бағытындағы 64,1 шақырым жолдың 52,7 шақырымында қайта құру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, Түркістан қаласының әуежайы мен Кентау қаласын қосатын 26 шақырым жол 2023 жылдың қазан айында пайдалануға беру жоспарланған. 2023 жылдың қорытындысымен облыстағы жолдардың жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесін 93%-ға жеткізу көзделуде, – деді Қуатжан Әзімбайұлы.

Жолдардың сапасын техникалық қадағалаушы мекемелерден бөлек, Ұлттық сапа орталығының Түркістан облыстық филиалының тұрақты бақылауында. 2023 жылы нысандарға 105 рет аралау жұмыстары жүргізіліп, 698 дана сынама алынған. Нәтижесінде 24 кемшілік анықталып, 16 кемшілік толығымен қалпына келтірілсе, 8 ақау бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда.

ПІКІР ЖАЗУ