Түркістан: Ордабасыда жылына 600 трактор шығарылады
Ордабасы индустриалды аймағындағы зауыт жылына 600 трактор жасап шығарады, деп хабарлайды ERNUR.KZ. Түркістан облысы Ордабасы индустриалды аймағында шығарылып жатқан тракторларға сұраныс жоғары. «KAZKIOTI» ЖШС кәсіпорны бүгінде өз өнімдерін Түркістан облысы және Шымкент, Тараз, Алматы, Қызылорда, Орал, Ақтөбе қалаларына жіберуде. Аталған кәсіпорын екі жылдан бері қытайлық Dongfeng және Wuzheng компанияларымен бірлесе қосалқы бөлшек алып, ауыл шаруашылығы техникасын құрастырып шығарады. Трактордың ішкі және сыртқы дизайны өзгерген. Оның ішінде дыбыс оқшаулау жүйесі орнатылып, жайлы да заманауи жүргізуші орны жасақталған. Сондай-ақ желдеткіш қарастырылған. Бұл зауыт жылына 600 дана трактор шығарады. Бүгінде зауытта 60 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Кәсіпорында өндірілетін өнімдер ауылшаруашылығы саласын қамтитындықтан, шаруалар тарапынан көктем, жаз, күз айларында жер жырту мақсатында тракторларға сұраныс артады. Айта кетерлігі, техниканы сатып алған жағдайда мемлекет тарапынан сатып алушыға 30 пайыз субсидия беріледі. Яғни, сатып алуға жұмсалған қаражаттың 30 пайызы кәсіпкерге қайтарылады.