Ордабасы: күзгі тал егу науқанына тыңғылықты дайындалу қажет

Аудан әкімі Азат Оралбаевтың төрағалығымен апталық аппараттық мәжіліс өтті.

Жиынның күн тәртібінде бюджет қаржысының атқарылуы, Қарақұм, Бөген ауыл округі әкімі аппараттарының атқарған жұмыстары мен өзекті мәселелері, күзгі тал көшеттерін егу жоспары және 2022-2023 жылдары егілген тал көшеттерінің өнімділігі және аудан әкімінің хаттамалық тапсырмалары мен есепті кездесуде түскен ұсыныс-пікірлердің орындалу барысын қамтыған 5 мәселе қаралды.

Мәжілісте аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Алтынай Сихымбаева ауылдардағы бюджетке түсетін салық көрсеткіштерінің 9 айдағы нақты жағдайына тоқталып, Бөген, Бадам ауылдық округтеріндегі салық түсімдерінің жоспардан төмен екендігін айтып өтті.

Өз кезегінде аудан басшысы ауылдық округ әкімдеріне аудан бюджетіне келетін салық түсімдері бойынша жүйелі жұмыс істемеген жауапты орынбасарларына сөгіс беруді тапсырды. Әрі жыл соңына дейін олқылықтың орнын толтыруды жүктеді.

Аудандық Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Арман Искаков күзгі тал көшеттерін егу жоспары және 2022-2023 жылдары егілген тал көшеттерінің өнімділігі жөнінде арнайы баяндама жасады.

Бөлім басшысының хабарлауынша биыл көктем айында аудан көлемінде 30 мыңға жуық ағаш көшеттері отырғызылса, оның 58 пайызы ғана жерсінген. Осы жылдың күз мезгілінде жоспар бойынша 6 200 дана көшет егілмек.

Аудан әкімі Азат Әбдіғалиұлы аудан аумағын жасылдандыру бойынша әсіре науқаншылдықтан арылып, салалық бөлім жауаптыларына әрбір тал көшеттерінің отырғызылуынан бастап, өсіп, өнуіне дейін мұқият қадағалауды тапсырды.

Аппараттық мәжілісте Қарақұм, Бөген ауылының әкімдері ауыл тұрғындары тарапынан түскен өзекті мәселелер бойынша есеп берді. Аудан басшысы округ әкімдеріне ауыл келбетін ретке келтіріп, салық түсімдерін арттыруды міндеттеді.

Мәжіліс соңында аудан әкімі аппараты Ұйымдастыру – инспекторлық бөлімінің басшысы Марат Туреев аудан әкімінің хаттамалық тапсырмалары мен есепті кездесуде түскен ұсыныс-пікірлердің орындалу барысын swot талдаумен слайд түрінде көрсетіп, тапсырмаларды уақытылы орындауда енжарлық танытқан бөлімдер мен ауыл округтердің тізімін ұсынды.

Аудан әкімі салалық әкім орынбасарлары мен бөлім басшыларына жұмысты жандандырып, көрсетілген тапсырмаларды сапалы орындауға шақырды.

Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР ЖАЗУ