Сайрам: орталық ауруханада 32 жылда алғаш рет ыстық су берілді
Ауданның орталық ауруханасында 32 жылда алғаш рет ыстық су берілді. Ауданның бас дәрігерінің айтуынша, көптеген жылдар бойы тіпті мұздай су ота бөлімнің 3 қабатына көтерілмей келген. Ерғали Әлімбаев ағымдағы жылдың қаңтар айынан бастап Сайрам ауданының орталық ауруханасының бас дәрігері болып тағайындалған. Содан бері басшы мақсаты – науқастарды ыстық сумен қамтамасыз ету екенін айтты. Одан бөлек бірнеше түйіткілді мәселелер болғанын жасырмады. Мәселен аурухананың жылыту қазандықтарын ауыстыру қажет болды. Бүгінде бас дәрігердің бастамасымен және аудан әкімі Арман Сәбитов қолдауымен ауруханаға жаңа су жылыту бойлері қойылды. Бұл науқастарға қолайлы жағдай жасаудың алғы шарты екені белгілі. Содан кейін орталық ауруханаға 4 жаңа жылыту қазандығы сатып алынды, сонымен қатар облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасынан 4 резервтік қазандық алынды. Қазіргі таңда Орталық аурухана толықтай жылыту маусымына дайын.
Бұдан бөлек ауруханада атқарылып жатқан жұмыстар жеткілікті. Біз бас дәрігермен арнайы барып тілдескен болатынбыз. Ерғали Әлімбаевтың айтуынша, елімізде алғаш рет аудандық аурухана көлемінде ангиографиялық қондырғының көмегімен ота жасалуда. Бүгінге дейін цифрлы аппарат 87 науқастың өмірін сақтап қалды. Аталған құрылғы арқылы бас, жүрек қан тамырлары мен гинекология, онкология ауруларына да күрделі ота мен эмболизация жасауға мүмкіндік береді.
Жалпы, заманауи құрал-жабдықтар сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Бұл ретте орталық ауруханаға 24 жылжымалы монитор, 6 ИВЛ және 2 оттоакустикалық аппарат сатып алынды.
Бұдан бөлек бас дәрігер келер жылы орталық ауруханаға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін ЖСҚ әзірлегенін атап өтті. Бұл өз кезегінде ауруханаға сапалы және қолжетімді медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді, дейді Е.Әлімбаев.
Сайрам ауданы әкімінің баспасөз қызметі