Экспортты ілгерілету департаментінің директоры Мақтаарал ауданына жұмыс сапарымен келді
Түркістан облысы, Мақтаарал ауданында Қазақстан–Өзбекстан шекарасы бойынан “Орталық Азия” халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығын құру жоспарланып отыр.
Өткен аптаның соңында ҚР Сауда және интеграция министрлігі экспортты ілгерілету департаментінің директоры Бауыржан Болганисов Мақтаарал ауданына жұмыс сапарымен келіп, “Атамекен” кеден бекетінің маңындағы халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығын құру бойынша өткен жиналысқа қатысты.
Жиында аудан әкімінің орынбасары Нұрбол Саттаров өнеркәсіптік кооперация орталығын салуға арналған жер телімі туралы, оған электр, газ тарту және көліктік инфрақұрылымның жай-күйі туралы таныстырды.
“Орталық Азия” халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығын құру үшін Мақтаарал ауданы “Атамекен” кеден бекеті маңынан жер телімі таңдалды. Аталған жер телімінің жалпы көлемі 100 гектарды (оның ішінде: 1 кезеңінде 50 га) құрайды. Бүгінгі таңда жер учаскелерін мемлекеттің меншігіне қайтару бойынша бас жоспарға қайта түзету енгізіліп, Әділет департаментінде тіркелді. Сондай-ақ, жер телімдерін мемлекетке қайтару бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Аталған жер телімі және оның экономикалық дәлізі Қазақстан Республикасы Өзбекстан Республикасымен келіскен жағдайда Түркістан облысы әкімдігі жер телімді мемлекеттік меншікке өткізуге және жерге индустриялық аймақ формасында құқықтық мәртебе беру мүмкіндігі және инфрақұрылым құрылысына ТЭН, ЖСҚ қарастырылатын болады.
“Орталықты электр энергиясымен қамтамасыз ету бойынша бос 10,8 МВт-тық бірнеше электр энергия көздері бар. Газбен қамтамасыз ету бойынша да мүмкіндіктер жетерлік. Қазіргі таңда тиісті жұмыстар жүргізілуде” – деді Н.Саттаров.
Нұрбол Жақсылықұлы халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығына келетін автожолдармен де таныстырды. Жуық арада Мақтаарал ауданына “Дарбаза-Мақтаарал” халықаралық маңызы бар темір жолы да салынатын болады. Бұл туралы Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында атап өткен болатын.
Жиынның соңында ауданға келген қонақтар кооперация орталығының жер телімдері мен оған алып келетін автожолдарды және теміржолдың қазіргі жағдайын қарап шықты.
(с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі