Түркістан облысында ұлттық дәстүрді дәріптейтін отбасы тұрады

Түркістан облысында ұлттық дәстүрді дәріптеген отбасы тұрады. Сарыағаш ауданының тұрғыны Жарылқасын Ергеш барлық немерелерінің басын қара шаңыраққа жиі-жиі қосып отырады. Ондағы мақсат – олардың бойына ұлттық салт-дәстүр мен ұлттық тәрбиені сіңіру.  «Бір дастарханнан ас ішіп, бірге ойнап, бір-бірімен жақын араласқан бала – бауырмал болады», – дейді Жарылқасын қария. Оның үстіне ата-әженің тағлымды тәрбиесі мен мейірім-махаббатын ешқандай мектеп бере алмайтынын айтады. Сондықтан бұл әулеттің кезкелген кішкентайы өнер-білімге құштар.  Асыл Жарылқасын, немересі: – Мен атам мен апамнан өнерді, білімді, өлеңдерді үйренемін. Күнде таңертең атаммен бірге шахматқа барып қайтамын. Апам маған есептер үйретеді. Атам маған домбыра шертуді үйретеді.  Бұл әулетте ұлттық тәрбиеден бөлек, ұлттық ас-ауқатқа да ерекше мән беріледі. Қыз балаға жастайынан ұлттық тағамдарды жасаудың қыр-сырын үйретсе, ер баланың бойына ұлттық ойын түрлерін сіңіріп өсіреді.  Жасы жетпістен асқан Жарылқасын ақсақал мен Зылиха апа екеуі бес ұл тәрбиелеп өсірген. Қазір қазыналы қариялар перзенттерінен 24 немере мен 3 шөбере сүйіп отыр. Балаларының барлығы еншісін алып, өз алдына жеке отау тігіп кетсе де немерелерінің барлығы демалыс күндерін қара шаңырақта өткізеді. Оның да өз себебі бар…  Жарылқасын Ергеш, Сарыағаш ауданының тұрғыны: – Қазақ ретінді тілді қатты бағалаймын. Сондықтан балаларымда таза қазақша білсе деген арманым. Тілден кейін ұлттық салт-дәстүрді үйренсе деймін. Сол үшін мына киіз үйді алдырдым. Соның ішінде балаларыма білгенімді, өсиеттерімді, домбырамен әндер үйретемін. Өзімде қандай жақсы қасиет болса соны үйретуге талпынамын.  Көпті көрген қария өз перзенттерінің қазақы рухта, ұлтжанды болып өскеннін қалайды. Сондықтан бұл әулеттің мүшелерінің барлығы ұлттық киімді ұлықтап жүреді.  Зылиха Молдабаева, зайыбы: – Ұлдарымыз да, келіндеріміз де ұлттық киімге өте бейім. Соны жақсы көреді. Немерелерімізде соны қабылдап келе жатыр. Тек қана киім емес, ұлттық асты дайындау, әсіресе ер адамның орнын биікке қою, ұл-қыздарға да әкең келе жатыр деген сияқты балаларды солай тәрбиеледік.  Қара шаңырақтағы келін болғандықтан осынша баланың бабын тауып, ас-ауқатын уақытылы беру Жұмагүлдің мойнында. Бірақ ол ағайынның ауызбіршілігі  ат басындай алтыннан да қымбат екенін жақсы түсінеді.  Жұмагүл Құрманова, әулеттің келіні: – Біздің әулеттің бір ерекшелігі қазақтың ұлттық дәстүріне көзқарасы ерекше. Балаларымыздың барлығының басын жинап, ұлттық ойындар ойнатып, қазақтың салт-дәстүрін дәріптеп, дәстүрлі тәрбиені барынша беріп отыруға тырысамыз.  Ұлттық тәрбиені ұлықтаған әулеттің бар арманы отбасындағы осы игі дәстүр мен асыл қасиетті жас ұрпақтың бойына сіңіру.  

Жандос Жұмабек, Қуаныш Әбуов

Ақпарат: https://24.kz/kz/zha-aly-tar/m-denie/item/620216-t-rkistan-oblysynda-ltty-d-st-rdi-d-riptejtin-otbasy-t-rady

ПІКІР ЖАЗУ