Созақ: кезекті аппарат мәжілісі өтті

Бүгін аудан әкімі Мұхит Тұрысбековтің төрағалығымен кезекті аппарат мәжілісі өтті. Мәжілістің күн тәртібіндегі бірінші мәселе «Ауыл Аманаты» бағдарламасының орындалу барысы туралы аудан әкімдігінің ауыл шаруашылық және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Қайырбек Мейірманов хабарлады. Хабарлама барысында жобаның 1- ші бағыты – өсімдік шаруашылығы, 2-ші бағыт – мал шаруашылығы, 3-ші бағыт – құс шаруашылығы, 4-ші бағыт – балық шаруашылығы, 5-ші бағыт – ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерін жабдықтау, 6-шы бағыт – өз кәсібін ашу бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті.

Қазірді таңда пилоттық жобаға 221 азамат құжат өткізді. Оның ішінде 173 азаматтың құжаты 924 млн. 310 мың теңгеге мақұлданып, 125 азаматқа 647 млн. 510 мың теңгеге жеңілдетілген несие берілді. Атаулы әлеуметтік көмек алушы 4 азамат 17 млн. 650 мың теңгеге несие алып, кәсібін ашуға мүмкіндік алды.

Күн тәртібінде қаралған келесі мәселе көп қабатты тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар, білім беру мен денсаулықты сақтау ұйымдарының жылу беру маусымына дайындықтары жөнінде аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Ербол Аманов баяндады. Бұл жөнінде жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ Таукент, Қыземшек кенттеріндегі орталықтандырылған жылу қазандықтарындағы жөндеу жұмыстары мен онда қажетті қатты және сұйық отынның жеткізілу барысын назарға алды.

Аудан басшысы салаға жауапты мамандарға жиында қаралған мәселелер бойынша қажетті шараларды сапалы әрі уақытында атқаруды және осы бағыттағы жұмыстарды әр кез бақылаудан шығармауды ескертті.

ПІКІР ЖАЗУ