Тараздағы жарылыс: түнде мектепте жарақат алған екі қыздың халі мүшкіл

Бет қаратпас қызыл жалыннан жан сауғаламақ болған екеуі 3-қабаттан секіріп кеткен. Оқиға болғаннан бері бірнеше күн өтсе де, жансақтау бөлімінде жатқан бойжеткендерге операция жасалмаған. Бұл туралы Aikyn.kz КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Жарылыс үш күн бұрын қаладағы №44 мектептегі кабинетте болған. Құрылысшылардың сөзінше, еден сырлайтын бояу банкаларының бетін ашқан бетте, қызыл жалын лап ете қалады. Соның салдарынан 7 жеті жұмысшы зардап шеккен. Ал қатты қорыққан 21 және 23 жастағы қыздар терезеден секіріп кетеді. Үш айдан бері жөндеу жүріп жатқан мектептегі жарылыс түнгі сағат бір шамасында болған. Қызыл жалынның қатты болғаны сонша, физика кабинетіндегі есік-терезенің бәрін қиратыпты. 

Сол түні сыныпта болған 10 құрылысшының жетеуі ауруханаға түскен. Жеңіл жарақат алған үш жұмысшы үйіне қайтарылса, күйік шалған екеуі әлі емделіп жатыр. Ал 3-қабаттан қарғып кеткен қос қыз жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайы ауыр дейді дәрігерлер. 

Тараз №1 ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Сәкен Жұмашев: «Қабырғалары, омыртқасы, бір аяғы сынған. Қазір оны жылжытып Астанаға салып жіберуге болмайды. Сол жақтың мамандары осында келіп ота жасайды», – дейді. 

Жарақат алған жұмысшылардың жақындары оқыс жағдайға әкімдік пен мердігерді кінәлайды. Себебі, жаңа оқу жылына дейін мектепті пайдалануға беру үшін құрылысшыларды түнгі жұмысқа жеккен деп отыр. Осындай асығыстық салдарынан қауіпсіздік ережесі ескерілмей, сау қыздарымызды сал қыла жаздады дейді. 

Жәбірленушінің анасы Сәлима Нарымбетова: «Түнгі уақытта жұмыс істегені дұрыс емес қой. Жұмысты кешкі сағат 6-да бітіру керек. Әкімдік мердігерге «Сен құрылысты бітіруің керек, мынанша күнде» деп айтқан шығар. Ол кісі енді қыздарға «біз 4 күнде бітіруіміз керек» деп айтады», – дейді. 

«Бойжеткендердің болашағына балта шабылды» дегендер күні бүгінге дейін дәрігерлердің қол қусырып отырғанына күйінеді. Сөздерінше, 20-дан енді асқан қыздардың жағдайын білмекке ауруханаға Жамбыл облысы әкімінің өзі барған. 

Алайда арада бірнеше күн өтсе де, Астанадан арнайы алдырамыз деген ақ халаттылар әлі келмепті. 

Жәбірленушінің әпкесі Гүлжан Садықұлова: «Әлі күнге дейін ешқандай көмек жоқ. Облыстық әкімдік келіп, «жақсылап көмектесеміз, аяқтан тұрғызамыз» деген. Әлі ешқандай көмек жоқ. Қыздардың жағдайы қалай болады, мүгедек болып қалуы мүмкін», – дейді. 

Ал күйік шалған тағы екі жұмысшының жағдайы жақсарған. Тек қос қыздың денсаулығы отамен ғана реттеледі. Мектептегі түсірілімге шақыртусыз кіріп келген қала әкімі бар істі мердігер мойнына алатынын айтты. 

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков: «Өрттің себебі қазір анықталуда. Оны қазір сараптама көрсетеді. Түнде жұмысқа кедергілер жоқ, шектеу жоқ. Бірақ бұл жерде жұмыстың қауіпсіздік мәселесі, өрт қауіпсіздігі мәселесі туындап отыр. Мердігер жауапкершіліктен қашып отырған жоқ. Зардап шеккен азаматтарға толық көмек көрсетуге дайын», – деді. 

Қазір білім ошағындағы құрылыс қылмыстық істің қозғалуына байланысты тоқтап тұр. Жоспарға сай келесі айда ашылуы тиіс еді. Ал денсаулық басқармасы елордалық дәрігерлер дүйсенбіде келіп, науқастарға ота жасайтынын айтты. Оған дейін жансақтау бөлімінде жатқан жұмысшылар күтуге мәжбүр.

ПІКІР ЖАЗУ