Сиыры жол апатына себеп болғаны үшін мал иесі іздестірілуде
Түркістан облысы Сауран ауданындағы «Шымкент-Самара» тас жолында 19 қыркүйек күні сағат 21:30 шамасында жол-көлік оқиғасы орын алды. Оқиға орнына тез арада Сауран аудандық полиция бөлімінің патрульдік полиция қызметкерлері шықты.
Тексеру кезінде «Toyota Estima» маркалы 7 орындық автокөлік жолда шығып кеткен сиырмен соқтығысқаны анықталды.
Осыдан кейін көмек көрсету үшін оның жанына «Ауди» автокөлігі тоқтаған.
Осы сәтте олардың соңынан келе жатқан «Нуundaі Santa fe» және «Xonda Elysion» маркалы тағы екі көлік келіп соқтығысады. Адам шығыны жоқ, тек автокөліктерге материалдық шығын келген. Жол-көлік оқиғасы салдарынан «Toyota» жүргізушісі мен жолаушыларға жергілікті жерде медициналық көмек көрсетіліп, үйлеріне жіберілді.
Қазіргі уақытта жауапкершілікке тарту үшін мал иесін анықтау бойынша іздестіру іс-шаралары жүргізілуде. Оқиғаның толық мән-жайы анықталуда.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері жүргізушілер мен жолаушыларды мұқият болуға және жол ережелерін сақтауға, ал мал иелеріне үй жануарларын қараусыз қалдырмауға және қора-жайда бақылап ұстауға шақырады.