Түркістан: оқушы қызды өлтіріп, денесін суға ағызып жіберді деген екі жігіттің соты басталды
Түркістан облысында оқушы қызды бопсалап, кейіннен пышақтап өлтірген екі күдіктіге 3 бап бойынша айып тағылып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оқиға биылғы жылдың басында Ордабасы ауданындағы Төрткүл ауылында болған.
9-сынып оқушысын бір мектепте оқитын 11-сынып оқушысы мен 19 жастағы ауылдасы бопсалап, ақша сұраған.
«Бір миллион теңге бермесең, жалаңаш фотоңды желіге жариялаймыз» деп қорқытқан. Ал, кейіннен қызды пышақтап, денесін суға ағызып жіберген.
Кешегі аптада қоғамның назарын аударған оқиғаға қатысты сот отырысы басталды.
«Түркістан облыстық сотына оқушы қызды өлтірген екі күдіктіге қатысты іс материалдары 1 қыркүйек күні келіп түсті. 2004 және 2005 жылы туған күдіктілерге қатысты Қылмыстық кодекстің 132-бабының 4-бөлігімен, 194-бабының 2-бөлігі 2-тармағымен және 99-бабының 2-бөлігінің 7,9,14 тармақтары бойынша айып тағылып отыр. Іс материалдары Түркістан облысының қылмыстық істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Сәкен Ынтықпайұлы Тұрғымбаевтың өндірісіне қабылданған. Қазіргі таңда алдын ала тыңдау жүріп жатыр» делінген Түркістан облыстық сотының баспасөз қызметі ұсынған ақпаратта.