Түркістан облысында шаруа қожалығы Өзбекстан азаматын 5 жыл құлдықта ұстаған

Түркістан облысында Өзбекстан азаматын 5 жылдан аса уақыт құлдықта ұстаған қожалық басшылары анықталды. Мұны Ішкі істер министрлігінде өткен брифингіде ведомствоның өкілі Шұғыла Тұрлыбек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
 

53 жастағы жәбірленушіні заңсыз еңбекке мәжбүрлеген екі азаматты ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері құрықтаған.

«Ер адамның төлқұжатын алып, 2017 жылдан бері мал бағуға мәжбүрлеген. Жәбірленуші мал қорада тұрған. Жұмыс істемеймін деп қарсылық көрсеткенде оған физикалық және психологиялық қысым жасалған», – дейді ІІМ өкілі Шұғыла Тұрлыбек.

Аталған оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Жәбірленуші оңалтудан өту және психологиялық көмек алу үшін дағдарыс орталығына орналастырылды.

Сонымен бірге Шұғыла Тұрлыбек елдегі криминогендік ахуалға тоқталды. Оның айтуынша, елімізде бір апта ішінде 2 932 қылмыс жасалып, оның 1 857-і тәулік ішінде ашылған.

Полиция қызметкерлері 5 кісі өлтіру, 11 денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, 24 тонау және 373 ұрлау қылмыстарын ізін суытпай ашты.

ПІКІР ЖАЗУ