Шымкентте түнгі клубқа келушінің бірі шұлығына есірткі жасырған

Шымкентте полицейлер түнгі клубқа келушілердің шұлықтарынан есірткі тапты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Полицияның дерегінше, рейдтік іс-шаралар барысында есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері қаладағы түнгі клубтардың бірінің кіреберісінде тыйым салынған заттар бар деген күдікпен екі жасты тоқтатқан.

Тексеру нәтижесінде 22 жастағы бойжеткеннен ұнтақты заты бар шағын полиэтилен пакеті табылды. Тәртіп сақшылары дәл осындай ұнтақты оның 19 жастағы досынан да тапты. Олар есірткінің бір реттік дозасын қолданып көру мақсатында шұлықтарына жасырған.

Сараптама қорытындысы тәркіленген заттардың мефедрон екенін растады.

Ұсталғандар өз жауабында есірткіні көшеден тауып алып, клубта көңіл көтеру үшін алып келгенін көрсетті.  Аталған жайт Әл-Фараби АПБ-да ҚР ҚК-нің 296-бабы 2-бөлігі (Есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау) бойынша тіркелді.

Күдіктілерге қатысты ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы бұлтартпау шарасы қолданылды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

ПІКІР ЖАЗУ