Шымкент: қарасора өсіретін фитолаборатория жойылды

«Қарасора» есірткіге қарсы іс-шарасы барысында жедел ақпаратты пысықтау нәтижесінде полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасы қалалық ҰҚКД-нің қызметкерлерімен бірлесіп құрамында есірткі бар өсімдікті өсіретін фитолабораторияны анықтады.

Еңбекші ауданындағы тұрғынның қосалқы үйінен құмыраларға отырғызылған 19 түп қарасора табылып, тәркіленді. 38 жастағы ер адам гидропоника әдісімен тыйым салынған өсімдіктерді баптап өсіруге жағдай жасап, бөлмені желдету жүйесімен және қолдан жасалған шамдармен жабдықтаған.

Сондай-ақ, тәртіп сақшылары сарайдың төбесінен де заңсыз егіп-өсіру дерегін анықтады. Мұнда есірткі өсіруші 17 пластик шелекке ірі қарасора өсірген.

Тәркіленген өсімдіктердің жалпы салмағы шамамен 14 кг құрады.

Аталған жайтқа қатысты , тергеушілер ҚР Қылмыстық кодексінің 300-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады.

Айта кетейік, есірткі заттары бар өсімдіктерді ірі көлемде егіп, өсіргені үшін күдікті үш жылдан сегіз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

ПІКІР ЖАЗУ