Шымкент: 140 отбасы “нұрлы жер” бағдарламасымен баспаналы болды
Шымкент қаласында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында тұрғын үй кезегіндегі 140 отбасы арендалық баспанамен қамтылды. Оның ішінде 35 пәтер көпбалалы отбасыларға, 52 пәтер халықтың әлеуметтік әлсіз тобындағы азаматтарға, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға 16, мемлекеттік және бюджеттік ұйым қызметкерлеріне 37 пәтер табысталып, келісім шарт жасасу жұмыстары жүргізілуде. Жаңа баспаналар Тұран шағын ауданында орналасқан.
Айта кету керек, 2023 жылы Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік бағдарлама аясында жыл соңына дейін жалпы саны 324 пәтер арендалық бағытта кезегі келген халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы, көпбалалы отбасыларға және жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар санатындағы азаматтарға, тұрғын үй кезегіндегі мемлекеттік қызметкерлерге табысталу жоспарланып, биыл шілде айында 168 азамат арендалық пәтерге қол жеткізді.
Бұдан бөлек жыл соңына дейін жұмыс істеп жүрген жастар 888 пәтер мен қамтылатын болады. Сонымен қатар 1732 пәтер несиелік бағытта тұрғын үй кезегіндегі азаматтарға берілу жоспарланып, оның ішінде қазіргі таңда 1174 азамат ипотекалық негізде өз баспанасына қол жеткізді.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі