Таразда сейфтен 19 млн теңге ұрлаған азамат қолға түсті
Таразда сейфтен 19 млн теңге ұрлаған азамат қолға түсті, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Тараз қалалық полиция басқармасының 1-ші полиция бөліміне жергілікті ұйымның қызметкері шағымданған. Ол белгісіз адамның кілттерді таңдау арқылы қалалық базарлардың бірінде орналасқан компанияның үй-жайына заңсыз кіріп, сейфтен 19 миллион теңгеге жуық ақшаны ұрлап кеткендігі туралы хабарлаған.
Аталған дерекке қатысты ҚК-нің 188-бабы 4-бөлігі (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Полицейлер жедел-іздестіру іс-шараларының барысында Қарағанды облысының Балқаш қаласында қылмыс жасады деген күдікпен Меркі ауданының 21 жастағы тұрғынын ұстады. Ақшалай қаражат түріндегі заттай дәлелдемелер тәркіленді.
Күдікті өз кінәсін толық мойындап, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта істің егжей-тегжейлі мән-жайларын анықтау үшін қажетті жедел-тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр.