Бір баланы мектепке дайындауға 70-80 мың теңге қажет
Жаңа оқу жылының басталуына екі апта қалды. Ата-ана оқушы балаларымен базар кезіп, мектеп формасын, оқу құралдарын алып әлек. Мен Шымкенттегі базарлардың біріне барып, бағаны байқап, жұртпен тілдесіп қайттым.
Базар іші баласын ерткен ата-анаға толы. Олардың бірі – Әбдірасиловтер отбасы мектеп жасындағы балаларына оқу құралы мен киім-кешек алуға Ордабасы ауданының Бөген ауылынан Шымкентке келіпті. Отанасы Гүлнұр – үй шаруасындағы әйел. Күйеуінің жеке шаруашылығы бар екен. Соны кәсіп етеді. Жиған-терген 200 мың теңгеге жуық қаражатты балаларды мектепке дайындауға жұмсап жатыр.
Гүлнұр Әбдірасилова, Ордабасы ауданының тұрғыны: «6, 8-сыынптарда оқитын ұлымыз, қызымыз бар. Соларды киіндіруге келдік. 170 мың теңге жұмсадық. Мектеп формасы, жемпір, спорт киімі, аяқ киім. Оқу құралдарына 50 мың теңге кететін шығар»
Сатушылардың айтуынша, мектеп формасының көбін Қырғызстан, Өзбекстан мен Түркиядан әкеледі екен. Отандық өнім де бар. Бағасы да әртүрлі.
МЕКТЕП ФОРМАСЫНЫҢ БАҒАСЫ: (бастауыш сынып оқушыларына)
Жейде – 3 мың теңгеден 6,5 мың теңгеге дейін
Жейде – (Түркия) – 6,5 мың тг жоғары
Костюм (отандық) 12-15 мың тг
Костюм (Өзбекстан)- 13-15 мың тг
Шалбар – 9 мың тг
Белдемше – 7-10 мың тг
Жемпір – 5 мың теңгеден жоғары
Аяқ киім – 7 мың тг жоғары
Мектеп сөмкесі – 5-15 мың тг аралығында
Футболка – 3 мыңнан тг жоғары
Спорт киімі – 8-25 мың тг аралығында
Орташа есеппен, ата-ана бір оқушының күзгі мектеп формасына 70-80 мың теңге жұмсайды екен.
Бір маусымда ауыстырып киетін кемі екі жейде, екі шалбар, екі аяқ киім алатынын ескерсек, бұл сома екі еселенеді. Роза Шопанованың ұлы Елнұр жаз бойы жұмыс істеп тапқан ақшасын мектеп формасына жұмсамақ.
«100 мың таптым. 50 мың теңгесін қарындастарымды киіндіруге бердім, қалған 50 мыңға қазір киім аламыз»,- дейді Елнұр Оразәлі.
Роза Шопанова, ата-ана, Шымкент қаласының тұрғыны: «50 мың теңгеге екі жейде, аяқ киім аламыз. Тек күзгі киімге жетпеуі де мүмкін».
Баласын ертіп базар аралап жүргендердің арасында Жанбосыновтар отбасы да бар. Арыс қаласынан келіпті. “100 мың теңге жұмсаймыз” деген олар әзірге қалтаға қонымды бағада киім таппапты.
«Бұйырғаны болады. Әзір сатып алған жоқпыз, бірақ міндетті түрде бүгін барлық балаларымызды киіндіреміз. Өйткені оқу жылына екі апта қалды», – дейді Асылхан Жанбосынов.
Ал Исабек Әмзе Жезқазғанда университет оқиды. Сауда істеп, жолақысы мен киім алатын ақшасын жинап жүр екен. Айтуынша, жаңа оқу жылы қарсаңында мектеп сөмкелері жақсы сатылып жатыр.
Исабек Әмзе, сатушы: «Сөмкені 3,5 мың теңгеден аламыз көтерме саудада. Оны 5 мың теңгеден сатамыз. Адамдар «жалақымыз аз, баламыз көп» деп келсе оларға түсіріп беремін. Қазір қымбат қой барлығы. Сату орнының арендасы бар».
Балаларын сабаққа дайындап, базар аралаған ата-ананың жайы осы. Әр отбасының 1 баланы мектепке дайындау шығыны – 100 мың теңгеге жетіп жығылады екен.