Аурухана басшысы жұмыстан босатылды
Алматыдағы ауруханалардың бірінде үш адамның АИТВ инфекциясын жұқтыру фактісі бойынша эпидемиологиялық тексеріс аяқталды.
Орталық қалалық клиникалық ауруханада жағдайды оқшаулау жөніндегі іс-шаралар кешені пациенттердің АИТВ инфекциясына уақытылы тестілеу және кәсіби регламенттерді сақтау арқылы жүргізілді. Эпидемиологиялық тексеру барысында 745 адам тексерілді, олардың ішінде 118 қан доноры және оның компоненттері, 231 медицина қызметкері, 396 пациент бірлесіп стационарлық ем қабылдаған немесе осы бағыт бойынша медициналық ұйымдарға жүгінген. Барлық талдау нәтижесі – теріс.
Эпидемиологиялық зерттеу нәтижесі бойынша комиссия мүшелері үш пациенттің АИТВ жұқтыру фактісі, ең алдымен, адами фактормен, атап айтқанда, орта медициналық персоналдың инвазивті манипуляция жүргізу кезінде операциялық рәсімдер стандартын бұзуымен және олардың қызметіне бақылаудың болмауымен байланысты деген қорытындыға келді.
Санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздіктің жүйелі бұзушылықтары анықталған жоқ. 2023 жылдың 6 айында қала стационарларында 147 736 адам медициналық көмек алды, оның ішінде 14 650 пациент реанимациялық ем қабылдаған, медициналық көмек көрсету кезінде пациенттердің АИТВ жұқтыру фактілері анықталмаған.
Қазіргі уақытта АИТВ-инфекциясы анықталған үш пациент ЖИТС орталығына диспансерлік есепке қойылды, емдеудің жеке схемасы бойынша антиретровирустық препараттармен қамтамасыз етілді, оларға жергілікті бюджет қаражаты есебінен барлық қажетті медициналық және психологиялық көмек көрсетіледі.
Аталмыш аурухананың бас дәрігері жұмыстан шеттетілді. Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Иран Шаметеков қалыптасқан жағдайды ескере отырып, комиссия қорытындысы негізінде, сондай-ақ ҚР Еңбек кодексінің 48-бабы 2-тармағының алты тармақшасы негізінде қалалық аурухананың бас дәрігері Н.Б.Табынбаев жұмыстан шеттетілгенін хабарлады.