Шымкентте жемқорлардан өндірілген қаржыға 6 мектеп салынады
Шымкентте қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясы өтті. Депутаттар үшінші мегаполистің бас жоспарын және бюджетті жоспарлау жөніндегі шенеуніктердің жұмысын бекітті. Сессияда мәслихат хатшысы қалада қосымша алты мектеп салынатынын мәлімдеді. Қаралып отырған қаржы көлемі – 17 млрд. теңге. Айта кетейік, бұл – мемлекетке қайтарылған жемқорлардың ақшасы.
Жемқорлардың қаржысына мектеп салу және қаланың бас жоспарын бекіту. Бұл – Мәслихаттың кезектен тыс сессиясында депутаттар талқылаған мәселенің бір бөлігі. Халық қалаулылары қаланы дамытудың 2035 жылға дейінгі бас жоспарының жобасын бекітті. Құжат өткен жылдың маусым айында талқылауға ұсынылған еді. Дегенмен, кейіннен, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың нұсқауы бойынша бас жоспарға түзетулер енгізіліп, Үкіметке бекітуге жіберілді.
Енді Шымкентте жемқорлардың ақшасына мектептер салынады. Әзірге 6 білім ордасы бой көтеретіні белгілі болды. Тәркіленіп алынған қаржы көлемі шамамен 17 миллиард теңгені құрайды. Қаражат жыл соңына дейін арнайы шотқа түсуі керек.
Бахадыр Нарымбетов, Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы: «Бұл жемқорлардың ақшасы немесе олардан тәркіленген мүлікті сатудан түскен ақша. Бұл қаржы мемлекет игілігі үшін жұмыс істейтін болады. Бұл – күрес жүріп жатқанын және біз бұл күресті ешқашан тоқтатпайтынымызды білдіреді. Қайтарылған ақшаға мектептер мен басқа да қажетті нысандар саламыз».
Шымкенттік депутаттар демалысқа кетпейді. Жергілікті халық қалаулылары қоғамдық негізде жұмыс істейді, сондықтан, Шымкент депутаттарында ресми демалыс жоқ.