Түркістан: Әлеуметтік нысандар қолдау күтеді
Аудандар мен ауылдардағы мәдениет, білім, спорт нысандары зерделеніп, жөндеу бойынша жұмыс атқарылады. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев Сарыағаш ауданындағы құрылыс жұмыстарын қажет ететін бірнеше нысанды аралап, мәселені шешу жолдарын саралады. Жауапты басқарма басшылары мен аудан әкімі Арман Абдуллаев та нысандарды аралады.
Сарыағаш аудандық тарихи-өлкетану мұражайына жаңа ғимарат қажет. Өйткені бұрын уақытша паналаған ғимарат апатты деп танылған. Қазіргі таңда музей №71 мектеп ғимаратына уақытша орналастырылуда. Музейдің өз ғимараты жоқ. Сондықтан алдағы уақытта аудан әкімшілігі тарапынан тиісті жер телімі бөлініп, ЖСҚ дайындау бойынша іс атқарылуы керек. Облыс әкімінің орынбасары аталған екі мәселе де назарға алынып, жұмыс жүретінін жеткізді.
Сарыағаш аудандық мәдениет үйін аралау барысында мәдениет саласындағы түйткілдер тарқатылды. Ауылдарда мәдениет үйлерін салу жөніндегі өтініштер тыңдалды. Сарыағаш ауданының адами әлеуетті дамыту бөлімінің ғимараты 1958 жылы мектеп-интернаты ретінде пайдалануға берілген. 2003 жылдан бері бөлімге тапсырылған. Аталған ғимараттың тозығы жетіп, апатты деп танылған. Бөлімде мемлекеттік қызметкерлер, орталықтандырылған есеп бөлімінің қызметкерлері және әдістемелік кабинеттің әдіскерлерін қоса есептегенде 80-ге жуық адам жұмыс істейді. Сондықтан білімге жауапты бөлімге талапқа сай ғимарат қажет. Облыс әкімінің орынбасары бұл мәселе бақылауға алынатынын, заң аясында тиісті шешім қабылданатынын айтты. М.Ломоносов атындағы №3 орта мектебінде де өзекті мәселе бар. 1984 жылы пайдалануға берілген мектепте екі ауысымда 2076 оқушы білім алуда. Оқу ғимартында электр жүйесінің тозығы жеткен, ғимараттың ішкі қабырғалары, едендері күрделі жөндеуді қажет етеді. Осыған байланысты жобалық-сметалық құжаты әзірленгенімен құрылысқа қаржы бөлінбеген.
– Сарыағаш ауданына арнайы келіп, тек өзекті мәселесі бар нысандарды аралаудағы мақсатымыз – оларды жаңарту жолдарын қарастыру. Осы салада жұмыс істеп жүрген азаматтармен кездесіп, ұсыныстары мен өтініштерін тыңдадым. Облыс әкімі Дархан Амангелдіұлы бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелеуді тапсырды. Біз білім, руханият, мәдениет спорт саласын назарда ұстауымыз керек. Өскелең ұрпақты саналы тұлғаға айналдыруда осы салалардың маңызы зор, – деген Бейсен Тәжібаев Сарыағаш қаласындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне де ат басын бұрып, спорт саласындағы мәселелер мен өтініштерді тыңдады. Бірнеше ауыл округіне спорт кешенін салу, орталық стадионды жөндеуден өткізу жөніндегі ұсыныстар хаттамаға енгізілді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі