Дархан Сатыбалды инвестиция тарту бойынша жоспарды орындамаған басшыларға тәртіптік шара көруді тапсырды
Түркістан облысында инвестиция тарту, экономикалық көрсеткіштерді жоғарылату бағытындағы жоспарды орындай алмаған аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары тәртіптік жазаға тартылады. Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының 2022 жыл бойынша қорытындылары және 2023 жылға арналған жоспары талқыланған аппарат мәжілісінде облыс әкімі Дархан Сатыбалды осылай деді.
– Инвестиция тарту, өнеркәсіпті дамыту бойынша бірнеше рет жиналыс өткізіп, нақты тапсырмалар бердік. Бірақ жұмыс ойдағыдай емес. Инвестиция тарту жөніндегі индикаторлар толық орындалуы тиіс. Сондықтан 2024 жылдың жоспарын орындау үшін қазірден дайындалуымыз керек. Бюджет қаражаты емес, жеке инвестицияға басымдық берілсін. Өңдеу өнеркәсібі төмендеп кеткен. Бәйдібек, Жетісай, Сайрам Келес, Созақ ауданында осы бағыт бойынша инвестициялық жобалар жүзеге асырылмаған. Жауапты басқарма тарапынан да тиісті бақылау жүргізілмеген әрі инвестиция тарту сапасыз болды. Әкімдер бұл жұмысты төмен деңгейде атқарған. Бұл бойынша бірнеше рет жиын өткіздік. Сондықтан аудан, қала әкімдерінің инвестиция саласына жауапты орынбасарларына тәртіптік шара көруді тапсырамын. Нақты жобалар аз. Орындалмайтын жобаларды да тізімге қосып қойғансыздар. Инвесторларға қажетті инфрақұрылымның дайындығы төмен. Осыған байланысты инвестиция тарту, өндірісті дамыту бойынша сапалы жоспар әзірленсін. Оған орындалатын әрі нақты жобалар енгізілсін. Аудан, қалалардың даму әлеуеті және мүмкіндігіне сәйкес бір салаларға мамандандырылуын қадағалаңыздар. Мәселен Жетісай, Мақтаарал, Шардара және Сауран аудандарында тігін фабрикалары, Келес, Сарыағаш, Қазығұртта жылыжай шаруашылығы кең қанат жаюы тиіс. Осылай әр ауданның мүмкіндігіне сай жұмысты жоспарлау қажет. Инвестициялық штабтың жұмысын бастаңыздар, – деді Дархан Сатыбалды.
Түркістан облыстық стратегия және экономикалық даму басқармасының басшысы Қ.Қайыпбектің айтуынша, жалпы өңірлік өнім қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысымен 2,2 трлн. теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 102,5%-ды құрады. Жыл қорытындысымен бұл көрсеткіш 3,3 трлн. теңгеге жетеді деп күтілуде. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 866,6 млрд. теңгені құрады. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 1 трлн. 36,6 млрд. теңгені немесе 100,7%-ды құрап, жылдық жоспар орындалған.
Ал Облыстық инвестиция және экспорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қ.Шонбасов алдағы уақытта жүзеге асатын жобалар мен бекітілген индикаторлар туралы баяндады. Негізгі капиталға салынатын инвестициялардың нысаналы индикаторларына 2023 жылға 908,2 млрд. теңге жоспарланып отыр. Биыл жалпы құны 230,4 млрд. теңгеге 4357 жұмыс орнын құрумен 151 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Құрылыс бойынша 103,5 млрд. теңгеге 24 жоба, ауыл шаруашылығы бойынша 67,1 млрд. теңгеге 64 жоба, туризм бойынша 19,5 млрд. теңгеге 24 жоба, өңдеу өнеркәсібі бойынша 18,1 млрд. теңгеге 23 жоба, жаңартылған энергия көздері бойынша 4,4 млрд. теңгеге 3 жоба және басқа салаларда 7,7 млрд. теңгеге 13 жоба межеленген.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі