ҚР Мәдениет қайраткері Әбдімәлік Байышевты еске алуға арналған әдеби-сазды кеш өтті

Әніменен жүректерді тербеген,

Жан жарасын талайлардың емдеген.

Мөрі болған мәдениет пен өнердің

Әбдімәлік сынды адамдар кемде кем.

Бір жақсы адам кетіпті-ау арамыздан,

Бірақ әлі өшкен жоқ санамыздан!

Сен келмеске кеткенмен, атың қалды,

Өлмепті ғой, тірі екен, қараңыздар!

Бүгін Зертас ауылдық мәдениет үйінде Төлеби ауданының 90 жылдығына орай «Барлығы да, Мәдениет, сен үшін»,–деп ортамызда өзіндік бір орны болған, һəм бірегей сардары ретінде салтанат құрған Әбдімәлік ағамыздың құдіретті әндері халқының жүрегінде. Шындығында, Әбдімәлік ағамыз бойындағы бар тамаша талантын елге арнаған десек артық айтқанымыз емес. Талай сахналық рөлдердің мұзбалағы, сазгер, тау тұлғалы талант, дарынды дарабоз, соңында айрықша өшпейтін із қалдырған талай сырлы сезімнің иесі, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері – Әбдімәлік Байышевты еске алуға арналған әдеби-сазды кеш өтті.

«Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған», — деп дана Абай айтып кеткендей, артына өшпес, өшірілмес із қалдырған Әбдімәлік ағамыздың есімі тарих бетінен, мәдениет төрінен халық жүрегінен әсте сөнбек емес»-деп Төлеби ауданының әкімінің орынбасары Л.Серікбаев пен Зертас ауылдық округінің әкімі Ж.Үсіп ағаларымыз жүрек тебірентерлік сөздермен кешімізді бастады.

Ауыл ақсақалы, ауыл биі Таңсық атамыз және Мәдениет саласының ардагерлері Расулбек ағамыз бен Сәрсен ағаларымыз, жыл керуені алға жылжыған сайын Әбдімәлік Байышевтың артына қалдырған өшпес мұрасы жарық жұлдыздың қараңғы түн қойнауынан құпия сәулесін шашқандай жарқырай, айшықтала түсетіндігін, осындай перзенті бар халық – шынымен, бақытты халық – екендігін шынайы жеткізді. Достары мен шәкірттері жүрек тебірентер сөздерін айтты.

Аудандық мәдениет үйінің әншілері Әбдімәлік ағамыздың әндерін орындап, көрермендерді тәнті етті.

«Халықтың рухани бай мәдени мұрасынан күш-қуат алған Әбдімәлік досым – қазақ мәдениетінде, үзеңгілес достарының ішінде, әріптестер арасында ерекше үнімен оқшау келген дара тұлға. Сын айтудан, пікірін білдіруден қорықпайтын. Өз ойын ашық жеткізетін. Жарық дүниедегі аз ғұмырының мәңгілікпен жалғасатынын Әбдімәлік досымның сезімтал жүрегі сезген сияқты. Ән жазды, өлмейтін. Жақынының жанында мәңгі сақталатын. Иә, ол туралы естеліктер жазылып жатыр. Ақиқат пен аңыз қатар жүр. Уақыт өткен сайын Әбдімәлік Байышовтың тұлғасы дараланып, биіктеп бара жатқаны анық. Оның әндері – халқымыздың байлығы. Ол халқымен бірге биіктеп, бірге жасайтыны анық»-деп түйіндеді Аудандық мәдениет үйінің директоры Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Болат Пірімбетұлы Оразымбетов.

Іс-шара соңында Әбдімәлік ағамызға құран бағышталып, ас берілді.

 

ПІКІР ЖАЗУ