Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараев аудан тұрғындарын Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтады

Құрметті аудан тұрғындары және қонақтары!

Баршаңызды, Республикамыздың әр азаматы үшін қастерлі — Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын!

Халқымыздың ғасырлар бойы аңсаған Тәуелсіздігіне биыл 31 жыл толып отыр. Ынтымақты ұран, татулықты ту еткен бейбіт халқымыз осы уақыт аралығында толағай табыстарға жетті. Мемлекетіміздің қарқынды дамуы тұрақты саясат пен ішкі бірліктің арқасы. Қазақстан Республикасы тәуелсіздігі туралы Конституциялық Заңын қабылдап, өз тәуелсіздігін дүние жүзіне жариялағаннан бергі жылдарға көз жүгіртсек, ауқымды істердің атқарылғанын көреміз.Бүгінде экономикамыз нығайып, демократия орнықты. Елімізді әлем таныды.

2022 жыл еліміз үшін мерейлі жыл болды. Халқымыз референдумға қатысып, Конституцияның 33 бабына 56 түзету енгізілуіне дауыс берді. Референдум әр азаматқа ел тағдырын шешуге тікелей қатысуға мүмкіндік беріп, жан-жақты демократия мен жаңа Қазақстан құру бағдарын нығайтты. 2023 жылдан бастап Ата заңдағы өзгерістер заңды күшіне енеді. Президенттің өкілеттігі қысқарып, Парламент пен мәслихаттардың рөлі айтарлықтай күшейеді. Осылайша, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетігі нығаяды.

Сондай-ақ негізгі заңда жердің иесі де, киесі де – халық екендігіне мән беріліп отыр. Яғни, бұрын мемлекеттің меншігі саналса, енді 6 бап былайша редакцияланған «жер және оның қойнауы, су, өсімдіктер және жануарлар әлемі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Мемлекет халық атынан меншік иелігін жүргізуге құқылы».

Күні кеше, халқымыз Президент сайлауында мемлекетімізді алдағы жеті жылда басқаратын Ұлт Көшбасшысын таңдады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халықтың сеніміне ие болып, сайлау нәтижесі айқын басымдықпен жеңіске жетті.

Қасым-Жомарт Кемелұлы ұлықтау рәсімі кезінде сөйлеген сөзінде ауылды өркендету ісіне баса назар аудару қажеттігін, халқымыздың 40 пайызға жуығы ауылда тұратындықтан, ауылдағы жағдайды жақсарта алмасақ – бәрімізге сын деп, ауылды дамыту мәселесі туралы Жарлыққа қол қоятынын айтты.

Мемлекет басшысының Президенттік өкілеттік мерзіміндегі “Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы” бірінші Жарлығы Қазақстан халқының көңілінен шыққан шешім болды.

Атқарылған іс аз емес, ел экономикасын, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын, мәдениетін дамыта түсу жолында білек сыбана отырып татулықтың арқасында еңбек ете берейік. Алдымызда әлі де игерілмеген істер мен міндеттер тұр. Халық болып бірігіп татулықты ту етіп жұмыс атқарсақ, алда біз алмайтын асу жоқ. Сіздермен бірге биік мақсаттарға жетеміз деп сенемін.

Осындай мерейлі шақта еліміздің гүлденіп-көркеюі жолында аянбай етіп жүрген аудан тұрғындарына денсаулықтарыңыз мықты, еңбектеріңіз табысты болсын деп тілеймін.

Бірлігіміз бекем, тірлігіміз тиянақты болсын! Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік болғай! Ел тәуелсіздігі мәңгі жасасын! Қазақстан халқының достығы мен ынтымағы арта берсін! Тағы да мерекелеріңіз құтты болсын, құрметті Төлебиліктер!

Ізгі ниетпен, аудан әкімі Т.Телғараев

ПІКІР ЖАЗУ