90 жылдық мерейтой кең көлемде аталып өтілді

Биылғы жыл тәуелсіз еліміз, оның ішінде аграрлы ауданымыз үшін тарихи сәттерге толы, берекелі жыл болды. Тарихы бір кітапқа жүк боларлық ауданымыздың торқалы тойын 17 желтоқсан күні атап өттік. Ауданның 90 жылдық мерейтойы Қапал батыр және Ә.Бектаев қиылысындағы «Төлеби» саябағында бабаның ескерткішінің ашылуымен басталды. Биіктігі 23 метр болатын мүсін меценат, демеуші Әсет Қайыпбековтың есебінен жасалды. Ескерткіштің салмағы – 25 тонна.

Кейіннен аудан орталығында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 60 пәтерлі 3 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Қуаныш иелеріне пәтер кілттерін облыс әкімі Дархан Сатыбалды табыс етті.

Аудандық мәдениет үйінде мерекелік концерт өтіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтар арнайы төсбелгімен марапатталды.

Ауданның торқалы жиыны өнер жұлдыздарының гала концертімен жалғасын тауып, кеш соңы отшашуға ұласты.

Жалпы, мерейтойға орай, ” 90 жылға – 90 игі іс” айдарымен жыл көлемінде көптеген жұмыстар атқарылды. Мәдени іс-шаралар, интеллектуалдық жарыстар, жазба ақындар мен суырып-салма ақындар сайысы өтті.

Аудандағы көркейту, абаттандыру жұмысына барлығыңыз куәсіздер. 55 елді мекендегі инфрақұрылымды дамыту ісі өз деңгейінде жүзеге асуда.

Қала аумағы кеңейіп, көпқабатты тұрғын үйлер саны артып, спорт алаңшалар салынды. Төлеби ауданының өнеркәсібі өрістеп өркендеуде. Таулы аудан өнеркәсібінің негізгі бағыты – жеңіл және тамақ өнеркәсібі. Бұл бағыттағы аудан потенциалы өте мол. Азық-түлік өнеркәсібінде өнім өндіру көлемі жыл сайын өсіп келеді.

Бұған қоса, туризмді дамытуға мүмкіндік мол. Бұл сала айтарлықтай дамып келеді. Ішкі туризмді айтпағанда, алыс-жақын шетелдерден қонақтар да ағылып келуде. Тұмса табиғаты, саф таза ауасымен танылған ауданымыз үшін туризм саласы өте үлкен маңызға ие, өйткені, қазіргі туризм бизнесінің 99 пайызын шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері құрайды. Бұл бағытта бүгінгі таңда жетпіс алты нысан жұмыс істеп тұр. Атап айтсақ, бір шаңғы базасы, төрт емдік-сауықтыру орны, жетпістен астам демалыс аймағы мен алпыс төрт саяжай бар.

Төлеби ауданының мерейтойы әр перзентінің, тілектес ағайынның тойы. Ауданымыздың қарқынды дамуына қосып жатқан үлестеріңіз үшін шексіз алғысымды білдіремін!

Қашанда туған жерге деген сүйіспеншілік сезіміміз нығайып, ауданымыздың алда да алар асуы биіктей берсін!!!.

 

ПІКІР ЖАЗУ