Туризм саласы: биылдан бастап субсидия берілмек

Төлеби ауданының жер көлемі 31 шаршы шақырым жерді алып жатыр. Аудан шығыста Алатау тауларынан басталып, оңтүстік-батыста Өгемтау, Қаржантау және Қазығұрт таулары сілемдерінің бөктеріне дейін созылады.

Сондықтан қысы да, жазы да тамаша өңірде демалыс орындарының басым бөлігі орналасқан. Биылғы қыркүйек айында іске қосылған Көксәйек ауылдық округіндегі Гүлнар Мырзабекованың «Сақ» демалыс орнын, сондай-ақ Қазақстан елді мекеніндегі Қайрат Аблаштың демалыс орталығын есептегенде, жалпы ауданда 142 туристік нысан бар. Атап айтқанда, «Тау самалы» деп аталатын шаңғы базасы, төрт емдік-сауықтыру орны және 73 демалыс аймағы, 64 саяжай халыққа қызмет көрсетуде. Бұлардың арасында, әсіресе, «Біркөлік» сауықтыру кешенінің даңқы алысқа кеткен. Аудан көлемінде тау бөктерінде орналасқан «Тау самалы», «Эдельвейс», «Бәйшешек», «Робинзон» лагерьлері балалардың көз қауанышы.

Ауданның туризм саласындағы декомпозиция бойынша қойылған индикаторларды орындау және аудан бюджетіне түсетін түсімдерді ұлғайту мақсатында  осы туристік нысандардың қожайындарына түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Салық басқармасының мәліметтеріне сәйкес демалыс аймақтары көрсетілген қызметтердің салығынан 2020 жылдан 2023 жылға дейін босатылып, тек жер және мүлік салықтарын төлеуде.

Биыл туризм саласына тартылатын инвестициялар толық орындалады деп күтілуде. Бұлай деуімізге себеп, Кемеқалған ауылдық округінде орналасқан «Alma tau» тау курортында құрылысы аяқталып жатқан қонақ үй және спорт кешенінің жалпы құны 2 млрд. 650 мың теңге болса, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында салынып жатқан Бірінші Мамыр елді мекеніндегі  спорттық-сауықтыру кешені және  футбол алаңшасы құрылысы үшін жалпы құны 608 млн. теңге бөлінген. Соның 466,9 млн. теңгесі биыл игеріледі. Ал, Қасқасу ауылындағы Сарыбұлақ шатқалы, Ақмойнақ таудың бөктерінде орналасқан «Қасқасу туристік рекреациялық орталығы» нысандарының инфрақұрылымдары, оның ішінде ауыз су жүйелері, қосалқы станса орнату, кәріз жүйелерінің қондырғыларын орнатуға биыл 988,5 млн. теңге қарастырылған.

Төлеби ауданы бойынша шетелдіктер үшін 2022 жылға арналған туристік жарна мөлшерлемелері аудандық мәслихаттың шешімімен биыл 8 сәуірде бекітілді. Ал, 2023 жылға тиісті құжаттар жинақталуда.

Сонымен қатар, өңірде туризм саласында қызмет істеп жатқан кәсіпкерлерге алғаш рет мемлекет тарапынан қолдау көрсету мақсатында биылдан бастап субсидиялар берілмек. Осыған орай ауылдық округтерде кәсіпкерлерді қатыстырып, түсіндіру жұмыстары  жүргізілді. Төлеби ауданының демалыс орындары болашақта өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартады деп күтілуде.

Елімізде туризмді дамыту – мемлекеттік саясаттың басым бағыты екенін ескерсек, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту, туризм секторын жан-жақты, жоғары деңгейде дамыту үшін алдымызда инфрақұрылым мәселесі, сондай-ақ, Мемлекет басшысы  жүктеген тағы бір тапсырма – ауданымызды туристік орталыққа айналдыру міндеті тұр.

Құттымұрат ТҰРҒЫНБАЕВ,

Төлеби аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы.

 

ПІКІР ЖАЗУ