Ардагер есімі ел есінде
Жоғарғы Ақсу ауылдық округі Мәдени ауылында туып-өскен, адал еңбегімен көпке үлгі бола білген қадірменді қария, ҰОС ардагері Көшербай Есболұлының есімі ел жадында мәңгілік сақталып қалған. Жақсы ұрпақ тәрбиелеп, артынан тек қана өнегелі сөз ерген ол туралы ауылдың әрбір ересек тұрғынынан аңызға бергісіз естелік әңгімелерді көптеп есітуге болады. Ардақты ардагердің өнегелі ісін жас ұрпаққа ұлықтау мақсатында ауыл тұрғындары Көшербай ата есімін бір көшеге бірауыздан бергісі келеді. Бұл жөнінде ауыл әкіміне өтініш айтып, жиналыс өткізіп те алды.
Ал енді біз де Көшербай Есболұлы кім болған, қандай қызметтер атқарды, жалпы қандай тұлға екендігіне тоқтала кетсек.
1923 жылдың 1-мамырында сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысы, Георгиевка ауданы (қазіргі Төлеби) Мәдени ауылында дүниеге келген Көшербай ақсақал Мәдени бастауыш мектебінде сауат ашып, 1935-1939 жылдары Түлкібас ауданы «Машат» орталау мектебінде білімін жалғастырды. 1939-1940 жылдары Георгиевка ауданы Ворошилов атындағы орта мектепті бітіреді. 1940-1942 жылдары “Сталин” колхозында түрлі жұмыстар атқарады. 1942 жылы наурыз айында Қызыл әскер қатарына шақырылып, Семей облысы Аягөз ауданында алғашқы әскери дайындықтан өткен соң, «2-Украин майданы» құрамында снайпер болып ұрысқа кіреді.
1942-1945 жылдары соғыс майданын жеңіл жарақатпен Германия жерінде аяқтады. Майдан соқпақтарында көптеген ерлік үлгілерін көрсетіп, «Ерлігі үшін», «Берлинді алғаны үшін» медальдарымен марапатталады. 1944 жылы Прибалтика жеріндегі кезекті бір шайқаста жаудың пулемет ұясын жойғаны үшін 3-дәрежелі «Даңқ» орденінің иегері атанады.
1946 жылы елге аман-есен оралып, бейбіт тірлікке белсене араласады.
1947-1949 жылдары Мәдени колхозының төраға орынбасары болып еңбек етеді. 1949-1952 жылдары Орал қаласындағы «Колхоз төрағаларын даярлайтын Орал ауыл шаруашылық мектебін» агроном мамандығы бойынша бітіріп шығады.
1952-1954 жылдары жолдама бойынша «Амангелді» колхозының төрағасы, 1955-1970 жылдары «Коммунизм» колхозы төрағасының орынбасары, 1971-1988 жылдары құрметті демалысқа шыққанға дейін, осы колхозда бас агроном, агроном болып қызмет істеді.
Бүкіл саналы ғұмырын адал еңбекке, ұрпақ тәрбиесіне арнады. Жақсы істерге ұйытқы болып, ел болашағына үлкен үлесін қосты.
Бұл жөнінде Мәдени жалпы орта мектебінің ұстазы Мейірбек Тіленшиев былай дейді:
— Подгорный елді мекені тұсындағы Ақсу өзенінің бергі бетінде топырақ жол, сонымен қатар Георгиевкаға Қазақстан елді-мекені арқылы баратын төте жол болатын. Осы топырақ жолдар адамдардың әрі-бері жүріп тұруына қиындық тудыратын. Сол жолдарға тас төсетіп берген атамыз ауылымыздың көпірі жарамсыз болып қалған кезде де ауданға, одан ары облыстағы жауапты мекемелерге қайта-қайта барып, келген комиссия мүшелерін бірге ертіп жүріп, мәселемен қанықтырып, қазіргі көпіріміздің қайта жөнделуіне үлкен үлес қосқан.
«Коммунизм» колхозы төрағасының орынбасары болып жүрген кезінде Мәдени ауылының 95 га жеріне аудандағы колхоздардың ішіндегі жемісті мол беретін алма бауын еккізіп, туған жерінің экономикалық жағдайының жақсаруына айтарлықтай үлес қосқан. Тек колхоздың бауын ғана егіп қоймай, ауыл тұрғындарына жемісті алма көшеттерін таратып, жабайы алмаларға пайуандап беріп отырған. «Қызыл таң» алмасының көшетін алғаш ауылға әкелген осы Көшербай атамыз. Ол кісінің бау-бақшаға деген қызығушылығы өте жоғары болатын. Әрбір көшетті тамыр алып, жайқалып өсіп кеткенінше жас баладай баптап күтетін. Ауылдас, көршілердің де бақшасындағы жас өскіндерді қадағалап, жеміс бергеніне дейін көзінен таса етпейтін. Өнегелі ақыл-кеңесін айтып, артынан ерген інілерін еңбекқорлыққа баулыды.
Ауылдан соғыстан аман келген аталарымыздың кейбіреулерінде соғысқа қатысқандығы туралы құжаттары болмаған. Көшербай қария облыстық военкоматтың мұрағаттарына сұраныстар жібере отырып, жауынгерлердің ҰОС-на қатысқандығы туралы куәліктерін және де жарақат алған аталарымызға мүгедектік құжатын алып беруге көмектескен. Бұл да болса оның жанашыр, мейірбандығын көрсетсе керек.
Кеңес Одағы тарап, Қазақстан мемлекеті өз алдына егемендік алған кезде қазіргідей электронды жүйе, еңбек кітапшасы деген болмаған. Сол кезде ауылдағы ата-апаларымыз арасында бір адам зейнеткерлікке шығатын болса, талап бойынша үш адам куәлік жасаған. Көшербай атамыз аудан орталығына сол куәгер адамдарды ертіп апарып, ата-апаларымыздың мезгілінде, кезегімен зейнеткерлікке шығуына мұрындық болған.
Ауылдың кіре берісі мен мектептен төмен қарай ағын су мүлде келмейтін. Каналдардың іші ұйыққа толып, су жүрмейтін. Ол кезде қазіргідей техника жоқтың қасы, каналдар толықтай қол күшімен қазылатын. Көшербай атамыз әр отбасыдан бір адамнан шығарып, асарлатып, өзі үйінен тамақ, су алдырып, каналды тазалатып, су әкелдірген. Сонымен қатар, ауылымызға асфальт жолдың салынуына себепші болған. Көшербай Есболұлының көршісі Дербисов Бекболат қарияның айтуы бойынша, 1947 жылдары қиын-қыстау кезде Исабеков Қалтай атамыз «Коммунизм» колхозының төрағасы болған. Ол кезде Мәдени мен Подгорный елді мекендерінде ауылдық клуб болмаған. Көшербай атамыздың соғыстан жаңадан оралған кезі, төраға орынбасарының қызметін атқаратын. Ауылға клуб салу үшін атамыз Ташкенттен қажетті материалдар алдыртып, мәдениет ошағының бой көтеруіне тікелей атсалысқан. Қайта жөндеу жұмыстарынан өткен сол клуб әлі күнге ел игілігіне жарап тұр.
Ауыл тұрғыны әрі інісі Қаңтарбаев Бибатыр атамыздың сөзі бойынша, елде өсіп тұрған ешқандай ағаштың болмауынан ауыл «Ақсай» деп аталған екен. Осы бір талы жоқ ауылды көгалдандыру мақсатында Көшербай атамыз түрлі ағаш көшеттерін жан-жақтан алдырып, ауыл адамдарына тегін таратқан және ағаштардың қалай егілетінін, қалай күтіп, пайуандау керектігін көрсетіп, басы-қасында жүріп, өніп кеткенше қадағалауында ұстаған.
Көшербай ата 1953 жылдан партия мүшесі болған. Қажырлы еңбектері партия тарапынан да, ел тарапынан да ескерусіз қалмады. Сол жылдары алған түрлі медальдары мен алғыс хаттары соның куәсі болса керек. Суреті құрмет тақтасына ілінді. Бірнеше рет аудандық кеңестің депутаттығына сайланды.
Саналы ғұмырында адами қасиеттерді жоғары ұстанып, тазалықты, имандылықты өзіне серік етті. Ел ықыласына бөленді.
1948 жылы шаңырақ көтерген Көшербай ата жұбайы Оспанқызы Айнықша апа екеуі 4 ұл, 4 қыз тәрбиелеп өсірді. Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырған, немере мен шөбере көрген бақытты қариялар болды.
Д.ХАНГЕЛДІ.