Торқалы той қарсаңында…
Торқалы той қарсаңында…
Жолдар жөнделуде
Төлеби ауданындағы жолдардың сапасын арттыру үшін көптеген жұмыстар қолға алынуда. Соның нәтижесінде бірқатар өзекті мәселелер кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді. Атап айтар болсақ, көліктік инфрақұрылымды жетілдіру мақсатында жалпы облыстық, ауданаралық жолдарға және ішкі көшелерге тұрақты түрде жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Өткен жылы ауданда ұзындығы 79,3 шақырымды құрайтын 47 көше жөнделсе, биыл да бұл жұмыстар жалғасын тауып, облыстық және аудандық бюджет есебінен ұзындығы 25,9 шақырым болатын 20 көше орташа жөндеуден өткізілді.
Облыстық маңызы бар жолдар да жөнделіп жатыр. Қазіргі таңда жалпы ұзындығы 35 шақырымға жуықтайтын облыстық маңызы бар 4 жолға: «Сарыағаш–Жылға–Монтайтас–Раба–Леңгір», Қасқасу ауылындағы «Қысқы демалыс аймағы», «Абай–Кеңесарық–Майбұлақ», «Біркөлік» санаториясына кіреберіс жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Сондай-ақ, ұзындығы 44,6 шақырымды құрайтын облыстық маңызы бар 2 жол: («Шарапхана–Жаңабазар–1 мамыр», «Шымкент–Қасқасу–Көксәйек–Шымкент») орта жөндеуден өткізуге қолдау тауып, алғашқы жұмыстар басталды. Бұл нысандардың құрылыстары 2023 жылы жалғасады. Қазіргі таңда Төлеби ауданы бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 1 084 шақырымды құрайды. Оның ішінде 259,84 шақырым болатын облыстық маңызы бар жолдың 88,7%-ы қанағаттанарлық жағдайда.
Құбыр тартылмаған бір ауыл, газ кірмеген жеті ауыл қалды
Ауданда ауыз сумен қамту жөнінен де көптеген жұмыстар қолға алынуда.
Аудан бойынша су құбырының ұзындығы 1 226 шақырымды құрайды. 55 елді мекеннің 54-і орталықтанған ауыз су құбырымен қамтылған. Ал, бір елді мекеннің (Жаңакүш) ауыз су құбырын жүргізу үшін ЖСҚ әзірленіп, (құрылыс құны – 2 86,7 млн. теңге), мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Бұл жобаны 2023 жылға қаржыландыру үшін тиісті салалық басқармаға құжаттар ұсынылды. Ауданның 90 жылдығына орай аудандық бюджет есебінен биыл 6 ауылдың ауыз су құбыры жаңартылуда.
Леңгір қаласындағы ауыз судың дебетін ұлғайту мен сапасын жақсарту мақсатында биыл «Көктерек» су тазалау имаратының құрылысы басталды. Нысан құрылысы 2023 жылы аяқталады деп жоспарлануда. ҚР Ұлттық қорынан қаржы бөлініп, мердігер «КАРАТ-Z» ЖШС арқылы 2 200 текше метрлік резервуар мен ауыз суды тазарту стансасы салынуда. Бұл жобада ауыз судың көлемін тәулігіне 8 400 текше метрге дейін қосымша тазарту және су көлемін ұлғайту қарастырылған.
Аймақта газ құбырларының жалпы ұзындығы 1 201,04 шақырымды құрайды. 55 елді мекеннің 48-і орталықтандырылған табиғи газбен қамтылған. Яғни 115 366 тұрғын, 20 951 абонент газға қосылған. Ал, 7 елді мекенге (Қасқасу, Кеңесарық, Керегетас, Жоғарғы Қасқасу және Диқанкөл, Ұзынарық, Алшалы) республикалық бюджет есебінен нысанның құрылысын аяқтау үшін биыл 472 млн. теңге бөлініп, аталған ауылдарға «көгілдір отын» тарту жұмыстары толық аяқталды. Ал, Қасқасу, Кеңесарық, Керегетас, Жоғарғы Қасқасу елді мекендеріндегі құрылыстарды жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Жоба аясында 9 767 тұрғын, 1 663 абонент табиғи газбен қамтылатын болады.
Пәтерлер берілуде
Бүгінгі таңда ауданда 4 890 азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Биылға дейін 920 отбасы баспанамен қамтылды. Ауданның 90 жылдығы аясында көктемде 120 пәтер пайдалануға берілсе, таяуда қосымша тағы 60 пәтерді пайдалануға беру жоспарлануда. Жыл соңына дейін ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 18 бала, 87 көп балалы отбасы, әлеуметтік жағынан осал топтар санатына жататын 75 азамат тұрғын үймен қамтылады. Қосымша көп қабатты 9 үйдің жобалық-сметалық құжаты жасалып, қаржыландыруға ұсынылды. Қолдау тапқан жағдайда құрылыс жұмыстары басталып кетеді.
Тоқсан жылдық торқалы тойға орай Леңгір қаласындағы 1-шағынаудандағы шатқалда «ETNO – АYYL» жобасына 44 млн. теңге бөлініп, игерілуде.
Аудан әкімінің қолдауымен биыл «Үздік елді мекен», «Үздік көше» «Үздік аула» номинациялары бойынша іс-шара өткізілді. Нәтижесінде Қоғалы ауылдық округіндегі Ұзын- арық елді мекені «Үздік елді мекен», Көксәйек ауылындағы Төлеби көшесі «Үздік көше» және Алатау ауылдық округіндегі Қосағаш елді мекеніне қарасты С.Әбдікерімұлы көшесі №30 үй «Үздік аула» номинациялары бойынша жеңімпаз атанды. Жүлде алған ауылдық округтерге заманауи балалар ойын алаңшаларын орнатуға 37,5 млн. теңге қарастырылып, бүгінде құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар орталық саябақ (42,6 млн. теңге) пен Тәуелсіздік саябақтарына (186,2 млн. теңге) қаржы қаралып, абаттандыру және ағымдағы жөндеуден өткізу жұмыстары, Леңгір–Көксәйек бағытындағы айналма жолды абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
Ауданда атқарылып жатқан көптеген құрылыс, абаттандыру көгалдандыру жұмыстарын уақтылы әрі сапалы жүргізілуін бақылауда ұстайтын боламыз.
Мақсат ЖҰМАБАЕВ,
Төлеби аудандық тұрғын үй-коммуналдық
шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы.