«Тынымсыз ізденіс қана мұратқа жеткізеді»
Арыс қаласы мемлекетіміздің жаңа дәуірін қалыптастыруға қарқынды атсалысып келеді. Түрлі тарихи кезеңдердің куәсі, тарлан тұлғаларды түлеткен қасиетті мекен күн өткен сайын қарқынды даму үстінде. Қала әкімі Гүлжан Құрманбековамен болған сұхбат барысында киелі өңірде атқарылып жатқан игі істердің молдығына көз жеткіздік.
– Гүлжан Мамытқызы, әңгімеміздің басын Арыс қаласының рухани әлеуметтік ахуалынан бастасақ?
– Орта Азия қақпасы, теміржолшылар мекені саналатын Арыс қаласында бүгінде бірқатар игі бастамалар қолға алынуда. Әрине, қаланың экономикалық, жағдайынан бөлек әлеуметтік-тұрмыстық, рухани ахуалына да көп көңіл бөлінеді. Айталық, тарихымыздың қасіретті беттері, саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарының өткен өмір жолдарын жас ұрпақ жадынан өшірмеу қастерлі борышымыз саналады. Арыс қаласының орталық көшесіне Иса Ақынбековтің мүсінінің орнатылуы – осы сөзімізге бір дәлел. Есімі өңірімізге белгілі Құдайберген Піржановтың қолынан шыққан туындының биіктігі 3,90 метрді құрайды. Мыстан құйылып, гранит тастан қашалған ескерткіштің келер ұрпаққа берер тәлім-тәрбиесі мол.
Қаламыздағы мүмкіндігі шектеулі жандардың күнделікті өмірге белсенділігін арттыру мақсатында «Тең қоғам» әлеуметтік орталығын аштық. Бұл орталыққа келгендер кітап оқып, ізденіп, интернет алаңында компьютермен жұмыс істей алады. Физикалық дене жаттығуларымен айналысып, қолөнер бұйымдарын жасауды үйренеді, теннис ойнайды. Орталық ашылғалы бері мұнда 3 мыңға жуық азаматқа қызмет көрсетілген.
Біз үлкеннің жолын кесіп өтпеген, ата салтын сақтап, қарияларын қадір тұтқан халықпыз. Ақсақалды аталарымыз бен ақ жаулықты әжелеріміздің бүгінгі бейбіт күнге жетуіміз үшін қосқан орасан зор еңбегі елеусіз қалмайды. Сол себептен қаламызда арнайы «Ардагерлер үйін» ашқанбыз. Бұл жерде ардагерлеріміз бен ауыл қарттарының ем алуына және демалуына қолайлы жағдай жасалған.
Сонымен қатар, Сырдария елді мекеніндегі аумағы 5 мың шаршы метр жерді алып жатқан саябақ қайта құрылымдаудан өтіп, Арыс өңірінің тумасы сатирик-жазушы Садықбек Адамбеков атындағы саябақ ретінде ел игілігіне берілді. Жиделі елді мекенінен 120 орынды, Ақдала елді мекенінен 240 орынды клуб пен кітапхана кешендерінің құрылысы жүргізілуде.
– Қала экономикасының қарыштап дамуына серпін беретін өндіріс орындары мен кәсіпкерлік саласы қалай дамуда?
– Әрине, бүгінгі таңда шағын және орта бизнес экономикалық дамудың қозғаушы күші болып табылады. Қаламызда биыл 4 млрд. 942,7 млн. теңгеге өнеркәсіп өнімдері өндірілді. Қала бойынша жалпы 4 803 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркелген. Олардың 3 105-і жеке кәсіпкерлер, 1 020-сы шаруа қожалығы болса, 678-і заңды тұлғалар. Бөлшек сауда айналымы 3 млрд. 488 млн. теңгеге жетіп отыр. 2022 жылы негізгі капиталға тартылған жалпы инвестиция көлемі 11 млрд. 900 млн. теңгені құрады.
Айта кетейік, Дермене ауылындағы «DERMENE AGRO GROUP» ЖШС балық өсірумен айналысуда. Жеке кәсіпкер Мақсат Тоқболаев алты су бассейнінде 30 мыңнан астам сазан тұқымдас шабақ өсіріп отыр. Үш азаматты тұрақты жұмыспен қамтыған Мақсат Тоқболаев 40 миллион теңгесін туған жеріне инвестиция ретінде құйған. Алдағы уақытта ол өнімдерін нарыққа шығарады. Қазірдің өзінде Алматы қаласындағы балық тарату нарығының 70-80 пайызын қамтамасыз ететін бір компания дерменелік балықтың келісін 2-2,5 мың теңге шамасында сатып алатын болып ұсыныс тастап отыр.
Одан бөлек Ешкілі көлінде жеке кәсіпкер Айгүл Срақұлова Көксарай №1, №2 учаскесінде «FIRST FISH COMPANY» ЖШС-і балық шаруашылығын қолға алып отыр.
Сондай-ақ, Саналы елді мекеніндегі «Желмая» цехы тұтынушыларға түйе сүтін ұсынады. Бүгінде олар тәулігіне 1,5 тоннаға дейін шұбат өндіріп, Түркістан мен Алматы, Батыс Қазақстан облыстарына жіберіп жатыр.
«Қаратау ТрансСервис» ЖШС-нің директоры, жеке кәсіпкер Ермек Мәмбетәлиев мұнай және мұнай өңдеу кәсіпорнын іске қосты. Бұл зауыт жылына 50 мың тонна мұнай өңдей алады. Зауыт көгілдір пеш отыны, мазут, вакуум газойл, қара пеш отыны, керосин шығарады. Алдағы уақытта АИ-92 бензині, дизель отыны, синтетикалық майлар, парафин, жолға арналған битум шығаратын құрал-жабдықтарды орнатуды жоспарлап отыр.
«KAZ GREEN TEK SOLAR» ЖШС-нің директоры, жеке кәсіпкер Есен Абдрахманов қуаттылығы 5 МВт күн электр стансасын ашып, 9 адамды, «MEGA-AGAT» ЖШС-нің директоры, жеке кәсіпкер Әлішер Мұратұлы поливинилхлорид түйіршіктері мен қоспасын шығаратын зауытта 42 адамды жұмыспен қамтып отыр. Бұл зауыт айына 300 тонна өнім шығарады. «АДМ Холдинг» ЖШС-нің директоры, жеке кәсіпкер Айдос Мәліқұлов полиэтилен қаптамаларын шығаратын цех ашып, 15 адамды жұмысқа алып, айына 60 тонна өнім шығаруда.
Аталған кәсіпкерлердің барлығы осындай қомақты істі өз қаржыларының және инвесторлардың көмегімен жүзеге асырып отыр.
– Экономика сөз болған жерде әлбетте, ауыл еске түседі. Ауданға қарасты ауылдардың тіршілігі қалай болып жатыр?
– Әлбетте, ауыл кез келген мемлекеттің күнкөріс өзегі десек те болар. Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 17 млрд. 130,2 млн. теңгені, егін шаруашылығының жалпы өнімі 9 млрд. 118,2 млн. теңгені, мал шаруашылығының жалпы өнімі 8 млрд. 12 млн. теңгені құрады. Атап айтсақ, 5,6 мың тонна ет, 14,4 мың тонна сүт, 6,3 млн. дана жұмыртқа өндірілген. Ауылдарда ірі қара саны 42,4 мыңға, қой – 475,2 мың, ешкі – 19,7 мың, жылқы – 19,0 мың, түйе – 3,5 мың, сиыр 24 мыңға жетіп, 74,7 мың құс өсіріліп отыр.
Аймақта мемлекет тарапынан жасалған жеңілдіктер нәтижесінде егін шаруашылығы мен мал шаруашылығының көрсеткіштері жыл сайын жақсарып келеді.
Сол сияқты жеке инвесторлар есебінен әлеуметтік нысандардың құрылысы да қарқынды жүріп жатыр. Айталық, Онтам ауылындағы 11 жылдық мектептің қосымша ғимаратында спорт зал, жуыну бөлмесі, асхана мен кітапхана бой көтеруде. Ал, Монтайтас ауылдық округіне қарасты Шағыр елді мекеніндегі балаларға арналған ойын алаңшасы жергілікті жеке кәсіпкердің есебінен салынды.
– Аймақтың ахуалының қандай екендігін халық денсаулығының көрсеткішіне қарап та аңғаруға болады. Арыс қаласында бұл мәселе қалай шешімін тапқан?
– Әрине, біз үшін елдің саулығы аса маңызды. Бір қуанарлығы, биыл Арыс қаласында ана өлімі орын алмады. 1 123 нәресте дүние есігін ашып, мыңнан аса шаңырақты шаттыққа бөледі. 2022 жылы халықтың табиғи өсім көрсеткіші 11,3%-ды құрады.
Қаламызда жақында МӘМС арқылы тегін қызмет көрсететін клиника өз қызметін бастады. «IMPULS MED» ЖШС-і күндізгі стационарда 20 пациент қабылдай алады. Ол үшін арнайы палаталар төсек-орынмен, заманауи медициналық аппараттармен және құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мұнда айына 160 пациент тегін емделе алады. Клиникада кардиология, урология, терапевт пен ересектерге арналған ЖТД дәрігері жұмыс істейді. Және балаларға тегін консультациялық диагностикалық көмек (қосымша ақылы қызметі де бар) көрсетіледі.
Алдағы уақытта бұл мекеме ересектерге және балаларға арналған физиотерапиялық емдеу және функционалды диагностикалық емдеу, алғашқы медициналық-санитариялық көмек, медициналық оңалту бөлімі, стационар және күндізгі стационар, амбулаторлық-емханалық көмек, ультрадыбыстық зерттеулер, зертхана, дәріхана мен тіс емханасы секілді медициналық қызметтерді іске асыратын болады.
– Қаланың коммуналдық мәселесі қалай шешіліп жатыр?
– Коммуналдық мәселелер жыл сайын көңіл бөлуді талап ететіні баршаға белгілі. Сондықтан бұд мәселе үнемі бақылауда болады. Айталық, биыл «Саяжай-1», «Саяжай-2», «Саяжай-3» шағынаудандарына таза ауыз су жеткізілді. Сонымен қатар қала іргесінде орналасқан «Тараз» шағынауданы электр қуатымен қамтамасыз етілді. Алдағы уақытта аталған шағынауданда кәріз жүйесінің құрылысы жүргізіледі.
Осы күндері бірқатар білім ордаларында оқушылардың орын тапшылығын азайту үшін қосымша ғимараттар салынуда. Атап айтқанда, М.Әуезов атындағы мектепте 200 орынды, И.Журба атындағы жалпы орта мектебінде 300 орынды оқу корпусының құрылысы басталды.
Биыл тұрғындар өтінішіне сәйкес, мектеп, балабақша маңына, адамдар көп шоғырланған аумақтарға 13 жасанды жол кедергілері орнатылып, Арыс қаласындағы 11 көшеге, Саналы елді мекенінде – 4, Жиделі елді мекенінде 6 көшеге «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында, қалада 3 бағытта және алты ауылдық округке қоғамдық көліктер қатынап жатыр.
Айта кетейік, Арыс қаласын газдандыру үшін №19 «Темірлан» АГТС Ордабасы ауданы арқылы Арыс қаласына дейін тартылған 41,2 шақырым газ құбырларына қосу жоспарланған. Арыс қаласын табиғи газбен қамтамасыз ету үшін 15,6 шақырым газ құбыры тартылып, 6 дана (ГРП) газды реттеу пункттері орнатылып, қысымдау жұмыстары жүргізілді.
Осы жылдың соңына дейін 2-кезең және 3-кезең нысандарын, яғни 107,3 шақырым орамішілік газ жүйелерін іске қосып, 3 352 абонентті табиғи газбен қамту жоспарланған. Бүгінгі таңда газ жеткізуші ұйым «ҚазТрансГаз» АҚ тарапынан газ жүйелерін толық қысыммен сынақтан өткізу және үрлеу жұмыстары атқарылған.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Пернебай САПАР