Көп балалы ана медициналық орталықты іске қосты
Түлкібас ауданында халықты жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту мақсатында жыл басынан бері бизнес идеяларын жүзеге асыру бойынша 400 АЕК көлемінде 66 азамат қайтарымсыз грантқа қол жеткізген. Оның ішінде 29-ы жастар болса, 37 азамат осал топтағы кәсіпкерлер.
Қайтарымсыз қаржыға қол жеткізгендердің бірі – бес баланың анасы Камила Қарашаева. Өзінің бизнес идеясын арнайы құрылған комиссияда қорғап шыққан көп балалы ана шағын медициналық қызмет көрсету орталығын ашқан. Қазіргі таңда қосымша төрт адамды жұмыспен қамтып отыр.
Аудан орталығынан ынғайлы ғимаратты жалға алған кәсіпкер балаларға логопед, дефектолог, легомассаж, иппотерапия, невропатолог салалары бойынша медициналық қызмет көрсетуде. Аталған орталықтың ашылуына аудан әкімінің орынбасары Е.Орманов пен ауылдық округ әкімі Қ.Ахметов арнайы қатысып, тұрғындар игілігі үшін маңызды кәсіптің өркендеуіне тілектестік білдірді.